Черногорияға саяхатым
Шығанақты көрген кезде Майя Акишеваның ең алғаш ойы – арғы бет бұдан да әдемі ме екен деген ой болды.
МА
Майя Акишева
Mon, 05 Jun 2023
Балқан елдерінің арасында барған ең алғашқы мемлекетім Черногоря болды. Бұрындары бұл ел туралы тек құрбымның әңгімелері мен Джеймс Бондтің киносынан білуші ем. «Казино Рояльдің» орын тепкен жері - Монтенегро (Черногория ағылшын тілінде осылай аталады), бірақ түсірілім мүлде бөлек жерде өткен ... Құрбым ол елге жылдар бойы барып жүрген соң ба, әлде қарапайымдылығы ма, өткен сапарлары туралы аса шабытсыз, жәй ғана: «жақсы жер, барған соң, сен де мен көргенді көре аларсың» дей салды. Содан аса дәмелі емес ем.
Бока-Которска шығанағы – Еуропаның оңтүстігінде орналасқан. Шығанақтың тар болғаны соншалық, қарама-қарсы жағалау мен қызыл шатырлы үйлер айқын көрінеді. Ең алғаш ой – арғы бет бұдан да әдемі ме екен деген ой болды.
Черногорияның Римдіктер, Византиялықтар, Османлы мен тіпті Наполеонды көрген бай тарихы бар. Ол туралы Интернеттен-ақ оқып аларсыз, ал мен өз әсеріммен бөлісейін. Жергілікті табиғат – шағын ауданды қамтыған түрлі ландшафттардың жүйесіз, жүгенсіз естен тандырарлық концентраты. Біз Котор қаласына қарасты Доброта деген ауылға тоқтадық. Котор – Бока Которск шығанағының жағасында алқа іспеттес шашылып жатқан әдемі қалалардың бірі. Қалаға түнде жеткен біз келесі күні таңертең үйден шыға бергенде теңізден жасыл таулар (қара емес) шығып тұрған көріністі көріп таңқалдық. Османтус пен дала гүлдері жайқалып тұр. Жағалау бойымен велосипед тепкен адамдар мен айлақтағы қайықтар тұр. Бір кісі көрші сарайда орындықты терезенің сыртына қоя сап, ескі рок тыңдауда. Ертегі дерсің!
Бірінде XII ғасырдың Бенедиктин монастыры, ал екіншісінде – Рифтегі Мадонна православ шіркеуі жұмыс істейді. Жалға қайық алып, екінші аралға баруға болады (біріншісі көпшілікке жабық).
Мамыр айының басы туристік маусымға біршама ерте, оның үстіне, пандемияға байланысты келушілер аз болды. Соның арқасында теңіздегі қалада 9 күн бойы тұрғылықты халық сияқты өмір сүру бақытына ие болдық. Жолдасым таңертең жұмыс істеді, ал түстен кейін бірге қыдырдық. Жағалаудағы кез-келген қалада тастан қаланған қамалдар, басыңызды шыр-көбелек айналдыратын тас баспалдақтар, ақ тастан жасалған үйлер, шіркеулер, мұнаралар, мұражайлар мен мейрамханалар бар ескі аудандар бар. Біз Котордан бастадық: ескі қаланы лабиринт сияқты аралап шықтық, пиццаның үлкен тілімін бірден терезеден ұсынатын пиццерияға тап болдық. Жергілікті туристік кеңседе 20 евроға тіркелдік. (шығарда бұл тіркеуді ешкім талап етпеді).
Мидия туралы айта кететін болсақ: Черногория керемет моллюскаларымен ерекшеленеді екен. Мидиялары қандай дәмді!
Котордың жанында устрица фермалары бар, онда жергілікті шараппен жаңадан ауланған устрицалардың дәмін тата аласыз. Біз Skoljke Boke деп аталатын органикалық фермаға тоқтадық – ол жерде әдеттегі мейрамханаларға тән ақ дастархан мен даяршылар жоқ, бірақ теңіздің таза өнімі жетерлік.
Маған Котордан гөрі Герцег Нови жанды және көңілді болып көрінді. Онда да ескі қаланы айналып өтіп, музыкалық мектептердің терезесінің түбінде опера әндерін тыңдап, шіркеулерге бас сұға аласыз. Ортағасырлық қалашық кішкентай болса да, шіркеудің бірнешеуі бар. Одан бөлек, теңізге түсіп, «Три липы» кафесінде шевапи немесе теңіз жағасындағы мейрамханадан мидияның дәмін татыңыз.
Қалалар арасындағы қашықтық қысқа, бірақ рұқсат етілген жылдамдық төмен, сондықтан жолға 30 минуттан бір жарым сағатқа дейін уақыт кетеді. Әсіресе түнде таңғажайып әдемі, қиындау болса да теңіз жағалауындағы серпентин жолымен жүруге кеңес беремін.
Тізімдеген жерлерден басқа Тиват, Бар, Будва, Ульцинж, Петровак та бар, бірақ біз уақыт аз болған соң, олардың ескі орталықтарын зерттеген жоқпыз. Есіңізде болсын, бұл қалалар бір-біріне ұқсамайды, бәрінің өзіндік тылсымы бар. Егер жүре беруден жалықпасаңыз, әрқайсысына жеке-жеке тоқтағаныңыз жөн. Және сол жолдағы әдемі көріністерді еркін тамашалау үшін көлікті жалға алған жақсы.
Сондай-ақ Котор орталығында ұсынған үш сағаттық теңіз экскурсиясына бардық. Көргеніміздің бәрі ғажап болды, әсіресе Көк үңгір. Қайығымызды жартастағы кішкене ойыққа тақай бергенде алдымыздан кинодағыдай көрініс ашылды.
Қалалар арасындағы қашықтық қысқа, бірақ рұқсат етілген жылдамдық төмен, сондықтан жолға 30 минуттан бір жарым сағатқа дейін уақыт кетеді. Әсіресе түнде таңғажайып әдемі, қиындау болса да теңіз жағалауындағы серпентин жолымен жүруге кеңес беремін.
Сапарымызды әсермен толықтыру үшін таулармен де жүруге шешім қабылдадық.
Которда мұны екі жолмен жасай аласыз: бекініс қабырғаларына көтерілу (көріністерге сүйсіне көтерілу мен түсу үшін үш сағат қажет) немесе Ловцен тауындағы Черногория билеушісі Петр II Петрович-Ньегостың кесенесіне бару керек. Ол өзінің бақылау алаңымен танымал (теңіз деңгейінен 1600 метрден жоғары), бірақ маған кесененің өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған сәулеті де ұнады.
Бірде біз Скадар көліне бардық. Жолымыз тағы болып, көлде бізден басқа ешкім болмады. Түрлі құстардың тұрағына айналған бұл су қоймасы құстарға қызығушылық танытатын жандардың жұмағы дерсің. Оның кейбір бөліктерін шөп пен қамыс басып кеткен, бірақ ең таңқаларлығы – ол дәл құмыра гүлдер мен су лалагүлдері жамылғысының арасымен жүзіп бара жатқанда, гид қайықтың моторын өшіріп тастайды, сол кезде естілетін жағажайдағы бақалар, судағы балықтар мен ормандағы көкек үні. Басқасы жым-жырт.
Черногорияның сұлулығын қандай да бір сөзбен жеткізгіңіз келсе, «жабайы әрі таңқаларлық» десеңіз жетіп жатыр. Қоршаған ортаға қолдан жасалған үлес нәзіктік пен көздің жауын алатын сұлулықты бұзбайды.
Черногорияның солтүстігінің сұлулығы да кем емес дейді. Егер уақытыңыз жеткілікті болса, ол жақты да көріңіз. Ұлттық саябақтар, бекіністер, көлдер (елде олардың саны 40-қа жуық), аспалы көпірлер мен өзендер, тіпті каньон да бар. Байқағаным, көптеген жерлерге қиын таулы жолдар апарады. Өз бетіңізше жүрмес бұрын маршрутты оқып шығыңыз немесе тәжірибелі гид табыңыз.
Біле жүрген абзал: Черногория әлі Еуропалық Одаққа кірмегенімен, бағалар еуромен. Бензин Қазақстанға қарағанда қымбат, бірақ арақашықтық аз болған соң, тұтыну да көп емес. Теңіз өнімдері дәмді, кальмар, сегізаяқ бәрі бірден Адриат теңізінен ауланады. Жергілікті котлет севаптармен, плескавицамен, черногориялық стейкпен (қаймақпен толтырылған шошқа еті) таныспауыңыз мүмкін емес. Бірақ отқа қақталған бұрыштары мен баклажаннан жасалған серб тағамы-айвар сіздің назарыңыздан тыс қалып қалуы мүмкін. Дүкенде «қолдікі» деген жазуы бар құмыраны сатып алып, өзге ештеңеге ұқсамайтын айвардан дәмін татыңыз.