Брондау және басқару
Ақпарат
Nomad Club
Көмек

Kazakhstan Flag
KZ
KAZ

Ақтөбеге саяхатым

СХ
Салтанат Хаким

Thu, 22 Jun 2023
Мен 17 жасымда мектеп бітірдім де шағын Ақтөбе қаласынан көштім – біржола кеттім деп ойладым. Алайда соңғы 25 жылда тым болмаса бір-екі күнге барып қайтсам деп тартады да тұрады… Ақ төбеде орналасқандықтан Ақтөбе аталатын қаламыздың көрікті жерлерін сырттан келген қонаққа талай көрсетіп едім. Және экскурсияны қаланың Ескі бөлігінен – қала атауына негіз болған 19 ғасырлық шыңында ақ тастан қаланған мазар орналасқан төбеден бастайтынмын.

Қазір төбенің ең биігінде ақтөбелік Эйфель мұнарасы – жергілікті халық осылай қалжыңдап атайды – шаһардың кез келген жерінен күндіз де, түрлі-түсті иллюминацияның арқасында түнде де көрінетін телемұнара орналасқан.

Телемұнарадан бір кварталдай жерде А. С. Пушкин атындағы парк бар, 19 ғасырдың аяғында ол Қалалық бақ болып өзгерді. Ақтөбеліктердің неше ұрпағы мұндағы «Түймедақ» пен «Көңілді төбешіктен» - әлі істеп тұрған ретро-аттракционда айналды, әйтсе де бұған тек жүрек жұтқандар ғана бел буатын сияқты.

Парк бүгінгі заманғыдай аса үлкен емес, бір қарағанда күтімсіз көрінеді, алайда ол сонысымен көрікті де. Соңғы жылдары Ақтөбе мен оның маңында жасыл желекті белсенді түрде кесіп жатыр, сондықтан Пушкин паркі – шаң мен жаздың аптап ыстығынан алып шегіршін мен үйеңкінің көлеңкесіне тығылатын қаланың санаулы бөлігінің бірі.

Қаланың Ескі бөлігімен қыдырғанда тағы бір бару керек жер – Қазақстанда жұмыс істеп тұрған жалғыз планетарий, ол сонау 1967 жылы ашылған.

Мұнда астрономиядан лекция кезінде сандық проектор емес, Carl Zeiss фирмасының механикалы-оптикалық құралын қолданады, оны Ақтөбе облысының тұрғындарына ГДР-на артық астық егінін жібергені үшін алғыс ретінде сыйлаған. Яғни аспан денесінің бейнесі біз үйренгендей сандық картинкамен емес, планетарий күмбезіне көптеген жіңішке жарық сәуленің бағытталуының көмегімен көрсетіледі. Кіру бағасы күлкілі, ересектерге де, балаларға да сеанс бар. Қазіргі Ақтөбе орталығы – қаланың Ескі бөлігі емес, Әбілқайыр Хан даңғылы, әрине. Оның бұрынғы ТМД орталық көшелерінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Алайда Ақтөбеге келген күні Әбілқайыр Хан даңғылында орналасқан Орталық стадионда «Ақтөбе» ФК матчы өтсе – футболдан хабарсыз болсаңыз да, баруды әбден ұсынамын! Өте күшті, әсерлі атмосфера! Айтпақшы, бұл стадион Одақ кезіндегі алғашқылардың бірі – ҚР-да бірінші болды! Жүгіру жолы жоқ, яғни әу бастан тек футболға арналған.

Әдетте Қобыланды батыр ат. стадион көрерменге лық толы, матчқа билет лезде сатылып кетеді. Ақтөбені тіпті «жанкүйерлер Меккесі» атағанын да естігенім бар. Мінберде жылайды, бақырады, әндетеді, «толқындатып» жүреді, ал сен сиқырға арбалғандай осы адам нанғысыз әсерге бағынып, бар күшіңмен айқайлайсың.

Стадионнан жаяу барар жерде есімін әрбір қазақстандық білетін Кеңес Одағы Батыры, мерген Әлия Молдағұлованың мұражайы орналасқан.

Ақтөбеліктер Әлияны мақтаныш тұтатыны соншалықты, оның есімі әуежайға және қаланың басты даңғылына берілді, оған бірнеше ескерткіш қойылды. Мұражайда ҰОС кезіндегі әскери жабдық пен киім-кешектің даналары, хаттар, фотолар және Әлияның құрбылары мен ұстаздарының, полкта бірге болғандар мен туысқандарының естелігі, сондай-ақ әрбір ақтөбелік – Кеңес Одағы Батыры жайлы ақпарат бар. Мұражайға кіру тегін, экскурсия жүргізетін қыздар ұйықтап отырады, бірақ! Менің ойымша, мұндай мұражайға дәл қазіргі уақытта барған және балаларды апарған өте маңызды. Өмір – бұл бейбітшілік екені жайлы олармен сөз қозғау үшін баруға тұрарлық. Ал соғысты ешнәрсемен ақтай алмайсың.

Егер Ақтөбеге баламен келсеңіз, ҚР Тұңғыш президенті паркінде қыдыруға болады, биыл ол жерге жаңа шолу дөңгелегін орнатты – жоғарғы нүктесінен ақ төбеде тұрған қаланың ғажап көрінісін тамашалай аласың!

Және сөз соңында Ақтөбеден кетерде өзім және достарым не алатынын айтып берейін. Біріншіден, ол тары – қуырылған – және талқан, тарының ұн тектес ұнтақталған түрі. Ақтөбеде тары мен талқансыз бірде-бір шай ішілмейді, және қонаққа дастарқан жайғанда міндетті түрде қойылады. Тарыны ыстық шайға салып, рақаттанып кесені түбіне дейін ішкен соң, жұмсарған тарыны қасықпен май не қаймақ қосып жейді. Ақтөбелік келіншектер тарыны шай демдеген кезде салып жібергенін байқадым, сонда шай ерекше дәмді шығады.

Тарыны Алматы не Астана базарынан алуға болады, бірақ сенсеңіз, оның дәмі мүлдем басқа. Кезінде марқұм әжемнің оңтүстік және солтүстік астанадағы жүкті және бала емізетін немерелеріне дәл осы ақтөбелік алтын түстес тарыны кенеп дорбамен беріп жіберетіні бекер емес еді.

Ол кісінің айтуынша, дәнді дақыл емшек сүтінің мол шығуына және майлы болуына ықпал етеді. Бәлкім, баланы емізу жөнінде мамандар бұл сөзіме күлетін шығар, дегенмен дәлелді дәйек – әжемнің шөберелерінің ішінде жасанды қоспамен өскен ешкім жоқ. Екіншіден, Ақтөбеде міндетті түрде дәмін татуды немесе өзіңмен ала кетуге ұсынар сарқытым, ол шоколадтағы жент.

Және жент те тарыдан жасалған өнім. Тарыны талқан қылып ұсақтайды да, қант пен сары май қосу арқылы жент жасайды.

Кейінгі жаңашылдық – нәзік жентке шоколад құяды. Ең дәмді шоколадты жент – «Ваниль» кондитерлік үйінікі. Ант етейін, бұл жарнама емес. Ұқсас жентті супермаркетте, базарда да сатып алуға болады, бірақ дәл «Ванильдікі» біріншіден, әдемі оралған, және екіншіден, тіл үйіреді. Кондитерлік үйдің филиалы қала бойынша табылар, алайда Air Astana жолаушыларына ыңғайлысы – бұл жентті әуежайдан да сатып алуға болады.
Салтанат Хаким
*Автордың пікірі субъективті және авиакомпанияның ұстанымын көрсетпеуі мүмкін.