Біз туралы

Сәтті жалғасқан мансап жолдары

 

Бортта қызмет көрсету департаменті

 

Айнұр Мұсылманқұлова

Төтенше жағдайларда құтқару жабдықтары жөніндегі тренері

Мен компанияға 20 жасымда келдім. «Эйр Астана» штатында жұмыс істеген 12 жыл ішінде мен тез тіл табысатын, өз бетімен әрекет ететін тұлғаға айналдым, шешім қабылдауды үйрендім, енді мені ешбір күрделі жағдай тығырыққа тіремейді. Әрине, бонустар, әлеуметтік пакет және басқа да жеңілдіктер маңызды, бірақ маған өзімнің кәсіпқой, күшті тұлғаға айналғаным маңыздырақ.

Жұмыс істейтін атмосферамды сөзбен жеткізе алмаймын, оны сезіну керек. Қиындықтар да болады, бірақ әріптестерімнің әрдайым қолдап, оларды шешуге жәрдем беретінін білемін.

Орталық Азия және Үндістан аймағындағы үздік әуе компаниясы атағын және 4 жұлдызды рейтингті осымен бірнеше жыл сақтап келеміз. Әрбір департамент, соның ішінде бортта қызмет көрсету департаменті осыған өз үлесін қосады. Менің үлесім сервис емес, ұшу қауіпсіздігіне қатысты. Сервис деген жақсы, бірақ қауіпсіздік маңыздырақ. Апаттық-құтқару жабдығы мен процедуралар жөніндегі үйретуші ретіндегі жұмысым - компанияның жетістікке жетуіне қосар үлесім деп ойлаймын.

Жақын достарымды да осы жерден таптым, олардың барлығы дерлік бортсерік болып жұмыс істеп, компанияда жетістікке жеткен. Бүгінгі күнде өзімді басқа салада елестете алмаймын. Аспан өзіндік бір тәуелділікті туындатады: ұшудың сұлулығын бір рет сезінсеңіз болды, көңіліңізді кері қарай тартады да тұрады. Менің компанияға келуім кездейсоқ жағдай еді ғой — жақын танысым жігерлендіріп, соған ере түйіндемемді берген едім. Келесі күні-ақ компания кеңсесіне келіп, сұхбаттасып, медициналық комиссиядан өтіп, Ыстамбұлға екі апталық оқуға ұшып кеттім. Осылайша «Эйр Астана» компаниясындағы еңбек жолым басталды.


Светлана Бердіқожаева

Стандарттар мен сапа жөніндегі менеджері

Кәсібім дағдыларыма да әсер етеді. Бүгінгі күнде мен сөзсіз ұқыпты әрі тәртіпті адамға айналдым. Мен үшін авиация өмір салтына айналды. «Эйр Астана» компаниясы несімен ұнайды? Жұмысыммен тығыз байланысты қауіпсіздікті, қызмет пен жайлылықты қамтамасыз ету мәселелеріне деген көзқарасымен ұнайды. Менің рөлім — бортта қызмет көрсету стандарттары мен сапасы үнемі жақсарып отыруын қадағалау.

Университетті 2002 жылы тамамдадым, ағылшын тілі мұғалімі атандым. Мұғалім, аудармашы, даяшы болып жұмыс істедім. Таныс адамдарымнан жаңа әуе компаниясы ашылып жатыр дегенді естігенімде, бірден түйіндемемді жібердім. Осылайша бортсерік болдым. Бүгінгі күнде компанияда жұмыс істегеніме 13 жыл болыпты, «Эйр Астана» компаниясының жасы да сондай. Көп адамға бір орында ұзақ уақыт жұмыс істеу ұнамайтынын білемін, алайда мұнда өзімді жайлы сезінемін, себебі компания қарқынды даму үстінде. Мұнда өз талантымды іске асырып, жұмысқа деген құштарлығымды басқаларға көрсетіп, өз ісімді бағалай аламын.

Өзара түсіністік, сыйластық және ынтымақтастық арқылы бірегей команда құра алдық. Алайда ағайынгершілік қатынас деген жоқ. Кәсіби қарым-қатынастар қалыптасып, әріптестердің қарым-қатынас жасау әдебі сақталады. Мен де өз жолдастарыма сенім артып, олардан көмек пен күш-қуат аламын.

Рейстерімнің бірінде ұшақ қозғалтқышына бір топ қаз кіріп кетті. Бір қозғалтқышпен отынды пайдаланып, шамамен үш сағат бойы ұшып жүрдік. Жолаушылардың бірі келіп, өзі мен жұмысшылар тобының түйістіруші рейске кешігіп жатқанын, ал біздің «Амстердамға жететін уақытымыз болса да, бір орынды айналып ұшып жүргенімізді», аш екенін және т. б. туралы қатты дауыспен айта бастады, жанжал шығатыны анық еді. Оны жай ғана әңгімеге тартып, өз орнына жіберіп, сусын мен бутерброд ұсыну керек болатын, мен соны істедім. Осылайша қалыптан тыс жағдайды шешіп, жолаушыны сабасына түсіре алдым. Рейс аяқталғаннан кейін, ол кешірім сұрап, барлығымызға алғысын білдірді.

Менің отбасым үлкен, әрбір туысымды өте жақсы көремін және жоғары бағалаймын, біз тату тұрамыз және әрбір мейрамды міндетті түрде бірге өткіземіз. Өзім қолөнермен айналысамын, ат сайысы мен шаңғы тебу де қызықтырады.


Елена Обухова

Борттағы өнімдер жөніндегі директор

Қысқа уақыт ішінде компания жоғары қызмет көрсету деңгейіне қол жеткізді, төрт Skytrax сыйлығын да жолаушыларға қызмет көрсететін департаменттер мен осындай деңгейге жетуге көмектескен департаменттер еңбегі арқасында алдық.

Департаментіміздегі қызметкерлер саны мыңға жеткен кезде, бұдан да тиімді басқару үшін оның құрылымын өзгерту керек екені түсінікті болды. Ол үздік халықаралық тәжірибелерге сай болып, компанияның өсуін ескеруі керек еді. Департамент директорымен бірге бортсеріктермен арадағы жұмысқа көбірек көңіл бөліне бастаған осы жобаны әзірлеп, жүзеге асырдық. Нәтижесінде бұл сервис деңгейін көтеруге көмектесті.

Мейлі жолаушылар арналған жол жинағы, кішкентай жолаушыларымызға арналған сыйлықтар не жаңа ұшақтарға арналған орындықтар мен еден төсемдері болсын, мен үшін жаңа өнімді әзірлеуге қатысу қашанда қызық. Ақыр соңында жолаушылардың көңілінен шығу үшін, жұмыс барысында көптеген адамдармен кездесіп, өзара әрекет жасауға тура келеді.

ҚарМУ-дың шет тілдер факультетін тамамдадым, жоғары оқу орнында ағылшын тілінен сабақ бердім, сосын қонақ үйге жұмысқа орналасып, қызмет көрсету саласын таңдадым. Бұл ағылшын тілін меңгеру деңгейімді және тіл табысу дағдыларымды жақсартуға көмектесті. Кәсібімді «Эйр Астанада» жалғастырдым. Осында жұмыс істегеніме 13 жыл болыпты, компанияның жасы да сондай. Осы жылдары өзімді әр түрлі қызметтерде сынап көрдім: әкімшілік жұмыспен айналыстым; жерде, кейінірек бортта қызмет көрсету департаменттерінде еңбек еттім. Компаниямен бірге өсіп-өркендедім. Шын мәнінде, осы жерде жұмыс істеуімнің себебі де осында. Оған қоса атмосфера да ашық, тату, әріптестер бір-бірін құрметтейді. Мұның өзі зор маңызға ие.

Отбасымызбен саяхат жасағанды, жаңа жерлерді көргенді өте ұнатамыз және компаниям бізге осындай мүмкіндікті береді. Жұбайым мен баламның көптеген әуестіктері ортақ әуестікке айналды, мысалы, демалыс күндері, ауа райы мүмкіндік бергенде, ипподромға барамыз, ол жерде қызымыз атпен шабады.


Дамир Тұрғанов

Бортсеріктерді оқыту, дамыту және іріктеу бөлімінің менеджері

Компаниямыз ең алдымен қызметкерлерінің өз ісіне деген көзқарасы арқасында SkyTrax сыйлығының төрт дүркін иегері атанды деп ойлаймын. Олардың барлығы дерлік өз істеріне толықтай беріліп, жалпы қазақстандық авиацияның тиімді, жайлы әрі қауіпсіз болуына септігін тигізеді. Мен үшін ұжымның маңыздығы зор: олар маған әрдайым түсіністік танытып, әрдайым қолдау көрсетеді. 

Бортсеріктерді барынша шындыққа жақын жағдайларда оқытамыз: үй-жайлар ұшақ интерьері сияқты жабдықталған, шынайы жабдық пен құрал-сайманды пайдаланамыз. Бастапқы оқыту курсының соңында бортсерік жолаушыларға қызмет көрсетудің барлық аспектілерін ұсақ-түйегіне дейін біліп шығады. Емтихандарға қызметкерлерді жолаушылар ретінде шақырамыз.

Мен «Эйр Астанамен» бірге өстім, әріптестерімнің көпшілігі компанияға менімен бірге келді, олардың көпшілігімен достық қарым-қатынастамын. Біздің бөлімімізде достық пен бір-біріне деген қамқорлық орнаған, туған күндерді тойлаймыз, жазда табиғатқа демалуға шығамыз, ән айтамыз, ойын ойнаймыз.

Бортсерік бола тұра, мен көптеген адамдарды, мысалы, мұнай кен орындарын ашқан, оларды игерген, Қазақстанның экономикасына инвестиция жасаған, басқа елдермен біздің қарым-қатынасымызды реттеген адамдарды жеткізіп салдым. Бірнеше жыл жұмыс істегеннен кейін, адамдар маған өзгергенімді, бұрынғыға қарағанда дербестігімнің артқанын және адамдарды жақсырақ танып, олардың бабын табуды үйренгенімді айта бастады. Тұтас алғанда, менің өмірге деген көзқарасым да өзгерді.

Алматы қаласына ауылдан келіп, Алматы мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне түстім. Студент кезімде қонақ үйде жұмыс істедім. Бір кезде бір нәрсені өзгерткім келіп кетті, бірақ адамдармен жұмыс істеу қуанышын жоғалтқым келмеді. Осының шешімін «Эйр Астанадан» таптым. Шынымды айтсам, шындық барлық болжамдарымнан асып түсті. Штатта жұмыс істегеніме 12 жыл болды. Тіпті екі баламды да өзім жұмыс істейтін компанияның құндылықтар рухында тәрбиелеуге тырысамын.


Сергей Орлов

Экипаждың борттағы жұмысын опитимизациялау жөніндегі нұсқаушы
Оқыту, дамыту және бортсеріктерді іріктеу жөніндегі бөлімі

Мен «Эйр Астанаға» 2006 жылы түйіндемемді алып, "Ашық есіктер күніне" келгенде түстім. Азаматтық Авиация Академиясының екінші курс студенті болып, өмірімді ұшақтармен байланыстыруды қалайтынымды білдім, ағылшын тілін курстарда оқып, беделді компанияда жұмыс істеуді армандадым. Айтпақшы, бұл шараға мені менің курстасым «алдап әкелді». Мен жұмыс іздеуді кейінге қалдыруды ойлап жүргенмін…

Сол күні «Эйр Астанада» жұмысқа тұру үшін қаланың жартысы жиналғандай көрінді. Бірінші сұхбаттасуда қобалжу басым болды… Бос тұрмай, өз кезектерін күтіп тұрған балалардан «қобалжу» сөзінің ағылшын аудармасын анықтап алдым. «Worry» сөзін біліп алдым да, сұхбаттасуға кеттім. Сұхбаттасу бірнеше кезеңдерден тұрды. Тапсырмалар, сұрақтар, күту және бірінші күн аяқталды. Мені екінші күнге шақырды. Жолымның болғанын толық сезінбей ерте таңертең мен өз кезегімді күтіп тұрдым. Соңғы тапсырма, ойын… Адамдардың саны едәуір аз болды. Мен барлығы сәтті болып жатқанын түсініп, бірақ бұл менімен болып жатқанына толық сенбедім.

Сәтті өткенім туралы қоңырау соққаннан кейін келесі күні автобуспен курсқа бара жаттым. Автобустан «теңселе» шықтым.

Менің арманым орындалды. Өмірімдегі ұшақтар мәңгілікке қалған шығар. «Эйр Астанада» мансабымды қарапайым бортсеріктен бастап, экипаждардың жұмыстарын оңтайландыру жөніндегі нұсқаушыға дейін көтердім және осымен ғана шектеліп қоймайтынына сенімдімін. Мен өз ісімді сүйемін. Тамаша ұжымдағы жұмысымның әрбір күні мен үшін - үлкен бақыт, менің мамандығым үздіксіз қозғалысқа толы - ұшып өтулер, әртүрлі елдер, жаңа қызықты адамдар және үздіксіз даму. 9 жыл өтті, бір кездері жасаған таңдауым үшін өкінген бірде-бір күнім болған емес.

P.S. Рекрутерлердің стильді киінгеніндерін көргенімде олар сөзсіз шетелде киінеді деп ойлағаным осы күнге дейін анық есімде)))


Алия Альбатырова

Коуч
Сапа және стандарттар бөлімі

«Сонау 2006 жылдары авиация саласынан алыс, Жоғары спорт шеберлігі мектебінде спорт психологы болып жұмыс істедім. Сол кездегі айлығым шамамен он үш мың теңгені құраған еді. Өз өмірімде күрделі өзгерістер жасау қажет екенін түсіндім! Мен басқа адам болғым келеді. Мен табысты, бақытты болуды қалаймын, барынша сәнді өмірді сүруді, саяхаттауды, өзім мен балам үшін жаңа мүмкіндіктер ашуды, жаңа белестерді бағындыруды қалаймын! Дәл осылай мен жабыраңқы көңілсіз жағдайымды өзім қалаған айқын да сенімді өмірге өзгертуге шешім қабылдадым. Армандарымды (өз ойымша) толығымен жүзеге асыруға болатын алты компанияны таңдадым. Күздің бір күншуақты сенбілік таңында дәл алты түйіндемені басып шығарып, бес фирмаға қарастыруға бердім. Мен таңдаған соңғы алтыншы компанияның кеңсесі жабық болды. Бәрінен бұрын сол жерге барғым келіп еді. Бірақ олар сенбі күндері жұмыс істемейді екен! Жабық әдемі есіктің тұтқасын мұңая жіберіп, түйіндемемді дүйсенбі күні міндетті түрде апарамын деп өзімді тыныштандырып, алды-артыма қарамай үйге қарай бет алдым.

Мен «Эйр Астана» туралы ешнәрсе білмедім...

Үйге автобуспен қайттым. Автобус салонында радионың дыбысы қатты шығып тұрды. Өте қатты. Қаттылығы соншалық, әдеттегі ертеңгі күнге жоспарларымды ойластыруға және құрастыруға кедергі жасады. Бойымды ыза биледі «Олар неге сенбі күндері жұмыс істемейді?! Дыбыс неге соншалықты қатты?!». Кенет, қатты шығып тұрған радиодан «Әуеге кәсіпқойлар қажет! Мына күні, мынадай уақытта, осындай қонақүйге келіңіздер!» деп хабарланды.
Қарағанды қаласында «Open House Day» іс-шарасы өтіп жатты.
Мен «Эйр Астана» туралы ешнәрсе білмедім...

Тағдырыма жазылғаны болар, дәл сол күн, дәл сол уақыт және келесі аялдама дәл сол қонақүй еді. Сондай-ақ, менің сөмкемде түйіндеме бар! Интуицияма ерік беріп, ойламаған жерден сол аялдамадан түсіп қалдым. Қонақүйдің есігінен оның тамаша, сәулетті интерьеріне ендім, біресе аннан, біресе мұннан корольдық лалагүлдер көзіме шалынды, ойыма келгені: «Бұл жерде тұрған керемет шығар! Мейлі кейде ғана болсын, осындай қонақүйде тұру үшін кім болу керек? Менің тұрғым келеді!»
Сенімсіз қадам басып, үстелде отырған жылы шырайлы қызға келіп, түйіндемемді ұсына, сұрағымды қойдым: «Мен психолог болып жұмыс істеймін. Сіздерге, айтпақшы, психологтар керегі жоқ па? Қызметкерлерді қабылдау бойынша сіздерге менің көмегім тиіп қалар?». Жылы шырайлы қыз күлімсіреп, басын шайқады.
- Олай болса. Жарайды. Рақмет.
Шығатын есікке бет алғаным сол еді... Қыздың дауысы мені тоқтатты: «Білесіз бе, сыртқы бейнеңіз бортсерік қызметіне келетін сияқты».
- О! Бірақ мен оның не екенін де білмеймін. Ол маған қажет пе? Оның маған қажет екенін де білмеймін.
- Сіз талаптанып көріңіз. Бекер келдіңіз бе? Нөміріңізді алып, сұхбаттасуға анау есікке барыңыз.
Алтын өрнектермен әшекейленген ауыр есіктің арғы жағында мені көздері мейірімді, күлімсіреген ер адам жылы қарсы алды, соның арқасында өзімді қауіпсіз сезіндім. Үйде жүргендей сезімде болдым. Ол менімен ағылшын тілінде амандасты, ал мен болсам, сол тілде өз әдептілігімді көрсеттім. Сосын дөңгелек үстелде отырған адамдарды көзім шалды, олардың барлығы бір нәрсені қатты талқылап жатты. Менің кезегім әлі келмегеніне сенімді болдым, іштей мейірімділеу рекрутерді таңдай отырып, моральдық жағынан дайындалып отырдым. Сонымен бірге шетелдік сұхбаттасушымен әртүрлі тақырыптарда сөйлесіп отырдым. Ол "салмақты" сұхбаттың алдында жасқанбасын деген оймен менің көңілімді аулап отыр деп ойладым. Келесі сөздерді айтқанда қалай таң қалғанымды білсеңіз: «Сіз сұхбаттасудан өттіңіз. Екінші қабатқа көтеріліп, ағылшын тілі бойынша сынақтан өтіңіз»!
Тест үш жауап нұсқасы бар он сұрақтан тұрды. Ағылшын тілі деңгейім негізгі мектеп деңгейінде болғандықтан, мен бірінші сұрақтан бастап таныс емес сөздерді кездестірдім және іштей «Мен бәрібір стюардесса болғым келген жоқ!» деп қолымды бір сілтеп, келесі сұрақтарды оқымастан асығыс-үсігіс шамамен белгілеп шықтым. Шындықтың ашылуын болдырмау үшін парақты аударып, жылдам кетуге асықтым, бірақ сұлу қыз: «Тоқтаңыз. Мен дереу тексеріп шығамын» деді. Сынақтан өтпедіңіз деген жауапты күтіп қызарып кеттім, өзіме іштей "авантюрист" деп ұрысып тұрмын, кенет ол тоғыз жауапқа плюс, біреуіне ғана минус белгісін қойды. Мен он сұрақтың тоғызына дұрыс жауап бердім!
Менімше, келесі кезеңдерді өту туралы әңгімемді соза беру артық болар, себебі Әуе мені таңдап қойды. Әуеге мен керек болдым.

Мен «Эйр Астана» туралы ешнәрсе білмедім... Бірақ менің ұшуым қажет болды...

Мен ұшамын! Мен сүйемін! Әуе де мені сүйеді!"
Сапарыңыз сәтті болсын!


Асель Калыкова

Бортсерік-супервайзер
Алматы қаласындағы бортсеріктермен жұмыс атқару жөніндегі бөлімі

2006 жыл еді... Есімде, көктем мезгілі болатын…

Анам, әдеттегідей, машинаның кілттерін бетіме сілкілеп, сіңлімді колледжге апаруды сұрап, жоқ, тіпті міндеттеп жатты... Есімде, ол күн бірден сәтті болмады, мен сол кезде осылай ойлағанмын Бірақ амал не, рөлге отыруға тура келді.
Қатты ұйқым келді… Таңертен «Сүүүүүүт, айраааааан...» және т.б. деп айқайлап "көңілді сүт сатушылар" ауланы оята бастады, жеке мен үшін егер таң осылай ерте басталса, онда ол соншалықты қайырлы емес көрінетін.

Сіңлім жол бойы өзінің алдыңғы күні қандай да бір компаниядан алған кастингке шақыруы туралы әңгімесін айтып қоймады.
Маған мұның бәрі өөөөте бәрібір болды, бірақ мен айбынды Швейктің шыдамдылығымен келіскен кейіпте басымды изеп, Black Eyed Peas тобының ...”shut up, just shut up, shut up"… әніне көлікті жүргізіп отырдым))
Кенет сіңлім Ләйлә кастингке апарып, сол жерде қолдау көрсетуді қатты өтіне сұрай бастады…Сол кезде ол былай деген еді: «Сен сөйлескіш жылмақайсың ғой, ал мен тұйықпын. Сен менімен жүріп, бәрін сұрайсын, ал маған кейін кезеңдерден өту оңай болады».
Бұл идея маған бірден ұнай қоймады деп айту - ол ештеңе айтпаумен тең. Бірақ сол кездегі оның көздері жапан түзде қалып қойған күшіктің көздерін елестетті, содан соң мен келістім…

16:45-те біз "қандай да бір компанияның" кастингі болып жатқан алып, сәулетті қонақүйдің қасына келіп көлікті қойдық... Және менің басымдағы бір ғана ой сіңлімді қайнап жатқан, әдемі киінген, кішкене қобалжыған үміткерлердің қатарына жіберіп, ал өзім "өте қатты уайымдап жатқан әпкенің" рөлінде машинада ұйықтау еді))

Ойым іске аса қоймады! Сенесіз бе, ол маған кенедей жабысып, ол жаққа жалғыз барудан үзілді-кесілді бас тартты.
Оның күшікке ұқсас көздеріндегі бүкіл әлемнің трагедиясы маған оның үлкен әпкесі, «тұйық» емес, «сөйлескіш жылмақай», әлемдегі ең жақсы адам екенімді есіме салды. Түйіндемем болмаса да бәрібір (айтпақшы, Ләйлә оны кеше word бағдарламасында теріп, менің суреттіммен бірге папкасына салып қойыпты). Бәрекелді! Бұл нокдаун еді…
Түйіндемеңді өзің жасасаң, үш беттің өзі жетпес еді, себебі сен мақтаншақ быжылдауықсың деп күңкілдеп қояды… ПРОФИ! Осылайша, ағаштар арасындағы әдемі жолмен, ол жылайын деп, мен үнсіз-түнсіз үміткерлер залына да жетіп қалдық...

Сөзімді қайтып аламын!
Бұл сұлу үміткерлердің тобы емес еді. Ол ара ұясы, тіпті түрлі түсті балалардың тобы еді. Джинс пен майка, смокинг және көйлек, спорттық киім мен кепкі киген адамдар, кастингке классика киіммен баратын еді.. (Сол кездегі ойымша) стилист көзіммен бөлмені бір шолып өттім...
Рецепция үстелінде түрлі түсті карточкаларды таратып, іскер қызметкерлер отырды. Қыздардың бірі менің "кешіріңіз, бірақ бұл менің толық түйіндемемнің қысқартылған түрі, айтпақшы, ішінде ұсыныстары бар" деген сөзіме көңіл бөліп, ештеңе етпейді деп сендіріп, көк түсті карточканы берді де, залға кіруді ұсынды.

Бұл уақытта менің қалауым біршама төмен болатын - осы кезеңдерді тездетіп өтіп, бәрін сіңліме айтып беріп, машинада ұйықтап алсам деген ой еді.
Бөлмелердің бірінде мен "about myself" айтып бердім, ал басқасында төбедегі жіпке байланған парақшаны алуды сұрап, ал үшінші бөлмеде жазбаша тапсырма берді.
Тапсырманың екі нұсқасын да орындаған кезде (бұл жерде мен кінәлі емеспін, тапсырманың екі нұсқасы да алдымда жатты) тек біреуін ғана шешуге болар еді деп айтты. Есімде, сол кезде өз ақымақтығыма немесе ақылдылығыма өзім күліп жібердім. Әрине, мен шошақаймын ғой…Дәл маған екі тапсырма түсуі керек еді: Давинчи, калейдоскоп және жыл есебі ретіндегі ағаш қиындысындағы шеңберлер. Апыр-ай! Әлі есімде.

Енді міне, мен дәлізде сіңліме және оның өзі сияқты "ол жақта не болатынын" күтіп тұрған бірнеше таныстарына барлық шеңберлер туралы... жоқ, тозақ емес, қызықты және мағынасыз әрекеттер (парақшаға дейін созылу) туралы айтып бердім...
Сіңлім менің ізімнен ерді, ал мен данышпан үкі бейнесінде рецепцияға қарсы диванға отырдым…
Менің жаныма бір өңі келісті жігіт жақындады, тіпті қасыма отырып, былай сұрады:
- Сіз Бортсерік немесе Агент қызметіне үміткерсіз бе?
- Агент 007 (сөз тапқыш болып отырмын)
Айналамда кофенің хош иісі мені сүйкімді жігіттен тезірек құтылып, өзіне шақырып жатқандай, қантсыз қос эспрессо қатып кетер еді.
Кофенің хош иісіне балқып, мультиктегі " Рокки-сырр" көзіндей келбетіммен орнымнан тұрған кезде ғана ЕСІМДІ ЖИДЫМ!
Бортсерік қызметіне???
Агент????
Шын айтсам, кезеңдерден өткен уақытта қайда және не үшін бара жатқанымды сұрамадым. Себебі мен сіңлімді толық тыңдамадым, ал шындығында, мүлде тыңдамадым, компания атауы айтылған жерді өткізіп жібердім бе...
-Мәссаған! Осы сөзді ғана айта алдым да, жігітті диванда жалғыз қалдырып, кофе іздеуге кеттім))

Сол сәттен бастап көп жылдар өтті... Сіңлім зергерлік компанияда аудитор болып жұмыс істейді. Нәтижесінде, ол да конкурстан өтті, бірақ сол кезде оған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған еді, сондықтан ол жұмысқа шығу уақытын созып, ал кейін тіпті ол ойдан айнып қалды.
Ал менде ше, менде не...
Менде үлкен жанұя! Менде Закарпатская 4"А" мекенжайы бойынша бес қабатты үй
Менде ең керемет жұмыс және саяхат…
Тағы менің күннен-күнге күш жинап жатқан үлкен жүрегім бар (Әсел HEART корпоративтік бағдарламасының амбассадоры болып табылады – ред. аңғарт.)

Маған қонаққа келіңіздер! Мен қонақжаймын және дәмді кофем бар!
Сондай-ақ, менің жанұям жаңа туысқандарды әрқашан қуанышпен қарсы алады!
Есіңізде ме? Закарпатская 4"А"!


Игорь Чипликов

Бортсеріктер басшылар құрамымен жұмыс атқару жөніндегі линиялық менеджері
Алматы қаласындағы бортсеріктермен жұмыс атқару жөніндегі бөлімі

2006 жылдары мен осы компанияда болғанда ең керемет мамандықты меңгеретінімді және жарты әлемді өз көзіммен көретінімді білмедім…
Бәрін рет-ретімен бастайық…
2006 жылдың 18 наурызында Эйр Астана әуе компаниясы Алматыдағы Hyatt Rakhat Palace қонақүйінде Open House Day іс-шарасын өткізіп жатты. Адам өте көп болды, кейін жаңалықтардан шамамен 1500 адам болғанын білдім. Сол күн өте бұлтты және желді еді... Сондай-ақ, ол күн менің әкемнің туған күні еді Сондықтан дәл осы күн менің есімде қалды! Түстен кейін өмір бойы стюардесса болуды армандаған менің сыныптасым маған телефон соғып, тағдырды сынап көріп, бортсерік қызметіне сұхбаттасуға қатысуды ұсынды. Шын айтсам, ол «өмірімнің» арманы емес еді Бірақ мен армандарымда жиі ұшатынмын, мен ұшақтарға қарап тұрғанды ұнататынмын – олар әрқашан менің үйімнің үстінен өтіп, қонатын. Үйден бір жаққа баратын кезде ата-анамның «Қайда барасың?!
Қашан келесің?» деген сұрақтарына - мен «Дереу Стамбулға немесе Парижге ұшып бара жатырмын… Жұмыс бойынша шақырып жатыр» деп жауап беретінмін Ол сондай ойын болатын және сол ойын мен үшін шынайылық болды!

Міне сол күні біз Open House іс-шарасына бет алдық. Қатты жел соғып, жаңбыр құйып жауды… Ол жерге кешке таман – шамамен 17:00-де келдік. Көшеде ешкім жоқ, содан соң ол іс-шараның аяқталып кетті деп шештік... Кері қайтайық деп ойланып тұрғанда кенет есік ашылып, бортсерік формасындағы қыз бізді шақырып, қайда келгенімізді сұрап, ішке кіруді ұсынды. Ол сол кезде маған өте үлкен әсер берді - ол өте сұлу, күнге күйген, голливуд жымиюы бар – нағыз ханшайым… мен одан көзімді алмадым Құрбым болса сұхбаттасуға тиісінше дайындалып келген – сыртқы көрінісі, фотосуреті бар тамаша түйіндеме – барлығы жағдайға сәйкес болып тұрды, сондай-ақ ол компания мен мамандық туралы ақпаратты оқып берді. Ал мен болсам, жыртылған джинс, созылып кеткен үй свитерін киініп, түйіндемесіз едім, негізі мен құрбымды қолдауға «серік болуға» келдім.Бірақ маған бірден конкурсқа қатысуды ұсынып, сауалнаманы толтыртқызды – ең бастысы, жалғыз жүргісі келмеген құрбым риза еді.

Open House Day іс-шарасы бірнеше кезеңдерден тұрды:
орыс/қазақ тіліндегі ауызша сұхбаттасу, ағылшын тілін түсінуді тексеретін жазбаша тапсырма және ағылшын тіліндегі ауызша сұхбаттасу.
Бірінші кезеңді оңай өттім (сол кезде менімен сұхбаттасқан, айтпақшы, бүгінгі күндегі HRD Жанара Бимендина)… Сөйлесуден кейін маған жасыл карточканы беріп, күтуді сұрады. Содан соң, мені бір топ қатысушылармен бірге жазбаша тапсырмаға отырғызды – айтпақшы, осы кезеңнің нәтижесі даулы еді, бірақ оны Евгения Ни (VP HR&A) ханым тексеріп, жазбаша жұмысымды тексергеннен кейін менің атымды атап, мен ол кезде бөлмеден шығуды ойладым, бірақ ол маған қарап, «Мен саған мүмкіндік беремін, келесі кезеңге өте бер!» деді. Ол маған өте үлкен әсер берді және өзіме деген сенімділігімді көтерді! Содан соң, шетелдік мнеджермен сұхбаттасу болды – мен өте қатты толқып, процестің өзі шала есімде еді, бірақ сол кезде мен бос сөзді айтып отырғанымды анық білемін және мен болсам, осындай үміткерді ешқашан қабылдамаушы едім… Ең бастысы, мен өзімді тыныштандырдым, – мұның барлығы бітеді, 10 минуттық масқара, сосын болды! Осыдан кейін қонақүйдің холында біз сыныптасымызбен кездестік, ол екінші кезеңнен өтпей қалған екен… Ол өте қатты ренжіп, тіпті маған өкпелеп қалды Айтпақшы, осы күнге дейін менімен араласпайды!

Open House Day іс-шарасынан шамамен бірнеше аптадан кейін мені Бортсерік Қызметінің менеджерімен қосымша сұхбаттасуға, сондай-ақ таңдалып қойған қатысушылармен топтық тапсырмаға шақырды. Мен бұл кезеңдерден де сәтті өттім, бірақ сонда да мені қабылдамады… Себебі мен 20 жасқа толмаған едім…
20 жасқа толғанымды күтуге кеңес берді, ал бұл шамамен бір жарым жыл және қайта келу. Түсінгеніңіздей – армандар бұзылды! Қайғым шексіз болды…
Бір жарым жылдың ішінде көптеген жағдайлар болды:
мен оқуымды жалғастырып, қосымша табыс таптым және түптен келгенде «Эйр Астана» туралы ұмытып та кеттім… Бірақ 20 жасқа толуыма бір ай бұрын маған телефон соғып, кездесуге шақырды. Оны сұхбаттасу емес, әдеттегі әңгімелесу деуге болады – жинау қажет құжаттардың түрін, Дәрігерлік-ұшқыштық сараптау комиссиясынан (ДҰСК) қалай және қай жерден өту туралы түсіндіріп, бастысы, 2 жыл бұрынғы менің рекрутинг кезеңдерім мен нәтижелерім бар файлдар алынған – мен туралы есте сақтап, мені ұмытпағандары мені таң қалдырды…

Ары қарай барлығы түстегідей жалғасты:
бірнеше апта құжаттарды дайындау, медкомиссияны өту, оқу тобын күту.
Осының барлығы менімен болып жатқанына соңғы күнге дейін сенбедім.
Алғашында адамдардың, тіпті менің ата-анам барлығы ойдағыдай болатынына сенбеген еді. Біздің ұшақ Амстердам қаласының Schiphol әуежайына қонғанда ғана тренинг-орталыққа оқуға келген біздің топ әуежайдың терминалынан шықты, ал мен тәттілеу келген ауамен тыныс алып, бұл шынайылық және артқа жол жоқ екенін түсіндім!

Барлығы шынайылық! Қорықпай, тырысып көру керек! Тырысып көріп, өзіңе сену!
Және барлығы ойдағыдай болады Маған сенді және барлығы ойдағыдай болды!
Егер сіздің бірінші ретте жолыңыз болмаса, әрекетті тоқтатпау керек.
Берілмеңіз! Сізге беретін кеңестерге көңіл бөліңіз. Қателерді түзетіп, қайта келіңіз!


 

Инженерлік-техникалық қамтамасыз ету департаменті

 

Андрей Олия

Техникалық қамтамасыз ету жөніндегі директор

Мен әрдайым авиациямен әуестенетінмін, себебі бұл ең ерекше, қызықты, үнемі өзгеріп әрі дамып тұратын қызмет салаларының бірі ғой. 1987 жылы Минск азаматтық авиация техникалық училищесіне түсіп, «Радиотехник» мамандығы бойынша білім алдым. Сосын «Эйр Қазақстан» әуе компаниясының радиолокациялық және радионавигациялық жабдықтарды жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету зертханасында жұмыс істеп, кейін әуе кемесіне желілік техникалық қызмет көрсету алаңына ауыстым. Алматы қаласындағы Көлік және коммуникация академиясын тамамдадым. Ширек ғасыр бойы авиация саласында жұмыс істеп келемін.

«Эйр Астана» компаниясында жұмыс істегеніме 12 жыл болды. Жұмысты қарапайым инженер болып бастаған едім. 2011 жылы әуе компаниямызда әуе кемелеріне базалық техникалық қызмет көрсету алаңы ұйымдастырылды. Мамандығым бойынша көптеген тренингтерден өттім, әуе компаниямызда пайдаланылатын «Boeing», «Airbus» және «Embraer» әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін инженер лицензиясының иегерімін. Бүгінгі күнде «Эйр Астана» компаниясындағы әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету тобының аға менеджері қызметін атқарамын.

Бұл жерде жұмыс істеуімнің себебі неде? Себебі компаниямыз — өз саласындағы көшбасшы.

«Эйр Астана» өз тәжірибеңізді, біліміңіз бен дағдыларыңызды дамытуға әрі қолдануға нақты мүмкіндік береді. Оған қоса осы жерде қазіргі кезде ерекше бағалы болып табылатын тұрақты қаржы жағдайы дегеннің не екенін өз тәжірибеңізден түсінесіз. Біз — қарқынды дамып келе жатқан компаниямыз, кәсіпқойлар не сондай болғысы келетін тұлғалар командасымыз. Ұжымымыз да ұнайды, кейбір жігіттермен жұмыстан тыс уақытта да араласамыз. Маған «Эйр Астана» компаниясында ұшу қауіпсіздігін сақтауға қосатын жеке үлесің қандай?» деген сұрақты жиі қояды. Бұның жауабы оңай: лауазымдық міндеттерді уақытылы әрі мүлтіксіз орындау.

Менің берік отбасым бар, қызым 23 жаста, Санкт-Петербург кәсіподақтар университетінде «Экономика және өндірісті басқару» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Маған үй жануарлары ұнайды, сондықтан қазір үйімде алты жасар Хантер атты ротвейлер мен Йоханес деген мысықты ұстаймын.


Дина Қарабаева

Жобалар жөніндегі маманы

Маған халықаралық стандарттарға сәйкес келетін компанияда жұмыс істеген ұнайды. Бұл — елдің бетке тұтар айнасы мен мақтанышы болып табылатын қазақстандық бренд. «Эйр Астана» бір орнында тұрмайды, ол тірі ағза сияқты үнемі дамып отырады. Өзі өркендейді әрі қызметкерлерінің жетілуіне көмектеседі. Бізде біреудің туысымын деген ұғым жоқ, бұл жердегі мансабың тек өзіңе және өз біліміңе байланысты.

Мен үш жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасымен Манчестер университетінде «Жобаларды басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алдым. Компанияға оралғанымда, қызметім жоғарылап, жаңа жобаларды басқару бөліміне ауыстым. Қазір Англияда алған білімімді тәжірибеде қолданамын.

Компанияда жұмыс істегеніме бес жыл болды. Сәтбаев атындағы ҚАЗ ҰТУ-ды тамамдап, бірнеше іріктеу, сұхбаттасу кезеңінен, ағылшын тілінде сұхбаттан өттім. Компанияның жетістікке жетуіне қосқан жеке үлесіме келетін болсақ, менің жұмысым бюджетті тиімді пайдалануға көмектеседі, сонымен қатар мен инженерлік-техникалық департаменттің орталықтандырылған дерекқорын әзірлеп жүрмін. Жаңа әдістерді қолданып, жұмысты тиімді істеуге тырысамын. Сондай-ақ инженерлік персоналды лицензиялауға қатысты барлық құжаттарды тексеремін. Адамның қандай дағдылармен ұшаққа жіберілетіні маңызды. Нәтижесінде ұшу қауіпсіздігі менің де жұмысыма байланысты.

Көз алдыңызға құжаттар мен қағаздарға көмілген қыз елестесе, онда қателескеніңіз. Күн сайын таңертең жұмыс істейтін ангарға барар жолда қатарласып тұрған не аспанға көтеріліп бара жатқан, қонғаннан кейін әуежай жеңдеріне бет алған ұшақтарды көремін. Осы көрініс мені ынталандырады, көңілімді бұрады. Істегенімнің барлығы не үшін екенін түсіне бастаймын. Мені авиация мен әуе бизнесіне қатысты нәрселердің барлығы қызықтырады.

Әріптестерімнің көпшілігі жақын адамдарыма айналды. Бір-бірімізге көмектесеміз, бірге теннис, бильярд ойнаймыз, қазір бүкіл командамызбен Алматы төңірегін тікұшақпен көруді жоспарлап жүрміз.



Санат Битаев

В1 тобының басшысы

 

Мен компанияға 2007 жылы механик болып орналастым, сол кезге қарай Алматы әуежайында 4-разрядтағы техник болып жұмыс істейтін едім. Біз сапасы мен үлгісі ескірген кеңестік ТУ-134, ЯК-40 ұшақтарына қызмет көрсеттік, сондықтан мен «Эйр Астанаға» жұмысқа тұруға құштар болдым, себебі авиакомпанияда батыстық үлгідегі жаңа әуе кемелері, жұмыстың жақсы жағдайлары, қызметте өсу мүмкіндігі болды. Әңгімелесуге мен үш рет келдім, тек үшінші жолы ғана осында қабылдандым: ағылшын тілін нашар білгендігімнен мені алмады, сондықтан оны түзеу үшін курстарға бардым.

Алдымен мен желілік механик болып, ұшақтарға жанармай құйдым, содан көптеген тренингтерден өткеннен кейін, Fokker 50, Boeing 757, Boeing 767, Embraer ұшақтарына қызмет көрсету құқығын — инженерлік B1 рұқсатын алдым. Сол мезеттен мансабым биікке өрмелей бастады, қазір мен инженерлер тобының жетекшісімін. Менің жақсы ұстаздарым болды, олар үлкен тәжірибелі мамандар еді. Іссапарларға жиі шығамын, соның ішінде баратын жерімізде инженерлік қызмет көрсетілмейтін жағдайда, ере жүретін инженер ретінде де, сонда әуе кемесін экипажбен бірге баратын маман тексереді. Компанияның арқасында мен қазір EASA Part 66 бағдарламасы бойынша оқып жатырмын.

Мен «Эйр Астанаға» жұмысқа тұрғанға дейін ешқашан ұшақпен ұшпаған едім, ең алғаш ұшқан кезімде мен ұшқыштардың кабинасында отырдым, қандай керемет десеңізші! Маған жерде жөндегендерімнің барлығы әуеге ұшқанда қалай жұмыс істейтіндерін бақылау қызықты. Авиакомпанияның арқасында мен өзімнің зайыбыммен таныстым, ол – бортсерік болып жұмыс істейді, қазір біз ұлымызды тәрбиелеп жатырмыз.


Шаймардан Заитов

Ұшақ аппараттарының және қозғалтқыштарының инженері

 

«Эйр Астана»-ға келгенге дейін мен кәдімгі маршруттық таксидің жүргізушісі едім, жеке тасушылықпен айналысып, мұнда да жүргізуші болып жұмысқа орналастым. Сол уақытқа қарай, ол 2005 жыл болатын, мен кәсіби жүргізуші дәрежесіне жеттім. Түйіндемемді жіберген бойда, мені бірден авиакомпанияға жұмысқа қабылдады.

Алғашқыда мен кеңсе қызметкерлерін, содан кейін бортсеріктерді тасыдым, бір жолы Азаматтық авиация академиясында оқитын әріптес әйелмен әңгімелесіп қалдым. Ол 30 жаста екеніне қарамастан, екінші курста оқитынын айтты. Менің жасым сол кезде 31-де еді, әріптесімнің үлгісінің мені шабыттандырғаны соншалық, мен Академияға түсуге құжаттарымды тапсырдым, бірақ екі балл жетпей қалды. Соған қарамастан, мен Авиациялық колледждің сырттан оқитын бөліміне түсіп, техник-механик мамандығын алдым. Сөйтіп, бірте-бірте ұшақтарға жақындай түстім: 2007 жылы терминалға ауысып, аэродром аумағында жүргізуші болып, экипаждарды әуе кемелеріне тасыдым. Оқу мен жұмысты қатар алып жүріп, колледжді, содан кейін Азаматтық авиация академиясын бітірдім.

2015 жылы инженер мамандығын алдым және менің ендігі жоспарым — EASA Part 66 сертификатына ие болу. Мен В-1 санатындағы қатардағы инженермін, бірақ қол жеткізген жетістіктеріме ризамын, өйткені мен жүргізушіден бастадым ғой. Иә, маған: «Саған оқу не керек, 30 жасыңда мамандықты өзгерткенің не?» - деп айтатын еді, мен берілмеудің, жасқа қарамастан, алға жүрудің қаншалықты маңызды екенін дер кезінде түсіндім.



Брондау және ақпарат орталығы

 

Надежда Андреева

Оқыту және сапа стандартының менеджері

Маған «Эйр Астана» төрт SkyTrax сыйлығымен не үшін марапатталды?» деген сұрақ қойғанда, мен «тұрақтылық, қарқынды әрі үздіксіз дамығаны, жоғарыдан көрінуге ұмтылғаны және адалдық танытқаны (тарифтерде, жолаушыларға, қызметкерлерге) үшін» деп жауап беремін.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің үшінші курс студенті бола тұра, бортсерік лауазымына түйіндемемді тапсырдым. Өзімді өзім таң қалдырдым, ұшудан өлердей қорқамын ғой. Медициналық комиссиядан өте алмаспын деп ойлап, оқуымды жалғастырдым. Арада екі жыл өткен соң, аудармашы дипломын алып қойғаннан кейін, маған «Эйр Астана» компаниясынан қоңырау шалып, Өскемен қаласындағы кеңседе билеттерді сату және брондау жөніндегі агент болуды ұсынды. Басында бұған салқын қарадым, бірақ байқап көрейін деп шештім. Бүгінгі күнде «Эйр Астана» компаниясында жұмыс істегеніме алты жыл болыпты.

Үш жыл Өскемен қаласында жұмыс істедім, кейін жұмысымды Астана қаласындағы сату кеңсесінде жалғастырдым, сонда аға агентке айналдым да, кейінірек брондау және ақпарат орталығы (байланыс орталығы) ауысымының аға маманы болдым. Компанияда жұмыс істеген уақытымда, тапқыр, шығармашылық әрі бейжай қарамайтын достарымды (тіпті Қазақстаннан тыс жерде) таптым, авиация туралы көп жаңалық білдім. Әріптестеріммен тек бірге жұмыс істеп қоймай, тіпті саяхат та жасаймыз. Былтыр Ыстамбұлға бардық, биыл Тбилиси мен Парижге баруды жоспарлап отырмыз.

Сервисте мынадай қызықты әрі пайдалы ереже бар: Think Like a Customer («клиентің сияқты ойла»). Өмір бізге осыны үнемі есте сақтауды үйретті. Сонда «Рақмет, бізге үлкен көмек көрсеттіңіз» деген алғыс та көп айтылады. Мұнда адамдарға көмектесе отырып, кәсіпқой ретінде жетіле бастайсың. Бірде бізге Канада елінің қос азаматы ұшып келді. Күтіп алушы тарап бір нәрсені шатастырып, оларды ешкім күтіп алмады. Екі шетел азаматы бөтен елде тілді білмей байланыссыз, жалғыз қалды. Сонда біздің өкілдіктен көмек сұрай келген еді, мүдірместен көмегімізді ұсындық: күтіп алушы тарап тосып отырған қонақ үйге жеткізіп салдық.


 

Елнұр Молдасанова

Ауысым аға маманы

Оғаш көрінеді, бірақ шындық: Халықаралық бизнес академиясының қаржы факультетінде оқып жүргенімде де, өзімді қаржы саласының жұмыскері ретінде елестете алмайтынмын. Қалай болғаны есімде жоқ, бірақ өзімді авиация саласында сынап көрейін деген ой келді. Мүмкін саяхат жасауды қатты ұнатқандықтан шығар. Басқа елдер, мәдениет, адамдар туралы көбірек білгім келді. Брондау және ақпарат орталығының (байланыс орталығы) маманы лауазымына түйіндемемді тапсырдым. Барлық сынақтар мен сұхбаттасу кезеңдерінен өттім, мені жұмысқа шақырды. Дәл қазіргідей есімде, бұл жайт 2012 жылдың 14 ақпанында орын алды.

Жұмыстың алғашқы айлары ең күрделі әрі ең әсерлі кездер болатын. «Амадеус» жүйесімен танысып, жұмысыма ынтызар болғаным — сол кез. Әрбір жолаушымен досым секілді әңгімелесіп, тәжірибелі әріптестеріме қарап, үйренуге тырыстым. Жарты жыл өткеннен кейін, маған бүкіл байланыс орталығы бойынша жүйеде билеттерді беру жұмысы сеніп тапсырылды. Барлық процестерді жақсы меңгеріп алған соң, бір жылдан кейін маркетинг және сату департаментіндегі жаңа стандарттар мен сапа бөліміне ауыстым. Қызметкерлерді оқытумен айналыстым, кеңестер беріп, тренингтер, презентациялар мен іс-шаралар жүргізетінмін.

Осы жұмысқа конкурстың үш кезеңінен өтіп, жақсы балл алғаннан кейін тұрған едім. Бөлімде жұмыс істеп жүріп, барлық әріптестеріммен танысып алдым, ал олардың саны 200-ге жетеді. Бір жылдан кейін жоғарырақ қызметке орналасу мүмкіндігі пайда болды, осы орынға да қатаң конкурс өткізілді. Оны да сәтті өтіп, брондау және ақпарат орталығы ауысымының аға маманы болдым. Компанияға енді келгенімде агент болған едім, енді сондай агенттер үшін жауаптымын. Өз орнымда өзімді жүз пайыз жақсы сезінемін.

Шынында да, «Эйр Астана» алған барлық SkyTrax сыйлықтарына лайық. Біз әріптестер де, еңбек жағдайлары да, атмосферасы да тамаша үлкен отбасымыз. Мұнда әрбір тұлғаға өзін көрсетуге әрі әлеуметтік жағынан қорғалғандығын сезінуге мүмкіндік беріледі. Әрқайсысымыз компанияның дамуына өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Менің мұнда жұмыс істеуімнің себебі де осы.


 

Мадина Керімжанова

Арнайы қызмет көрсету жөніндегі аға агенті

Компаниядағы лауазымымның атауы астарында не жатқанын білгіңіз келе ме? Ерекше қажеттіліктері бар балалар мен адамдарды сүйемелдеу, жануарларды тасымалдау не бортта арнайы тағамға тапсырыс беру — осының барлығы арнайы қызмет көрсетуге жатады. Біз жолаушыларға кестедегі өзгерістер мен рейстер кідірісі туралы, балаларды сүйемелдеу, төсек тартып жатқан науқастарды тасымалдау, спорт жабдығын тасымалдау, т. с. с. арнайы қызметтердің расталғаны туралы хабарлаймыз.

Өзім Тараз қаласында туып-өстім. Ағылшын тілін Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқып жүріп үйрендім, осы саладағы білім қашанда іске жарайды деген сеніммен қаржыгер дипломын алдым. Алайда қаржы компаниясында жұмыс істегім келмеді, сондықтан өзіме лайықты жұмысты асықпай іздеп тапқанымша, университетте жұмыс істеймін деп шештім.

Ұжымымыздағы әрбір жұмыскер қасындағыларға, әсіресе жаңадан келген жұмыскерлерге көмектеседі. Достық қарым-қатынас қалыптасқан, күрделі жұмыс күнінің өзінде көңіліңізге бір қаяу түспейді. Басшыларымыз — білікті мамандар және біз үшін жанын беруге дайын. Осының барлығын бағалап келе жатқаныма осымен жеті жыл болыпты, бұл — менің ісім және осы іспен айналысқанды жақсы көремін.

Ұлттық әуе компаниясында бұрыннан жұмыс істегім келетін, сонымен 2008 жылы түйіндемемді тапсырдым. Алматы қаласындағы брондау және ақпарат орталығының маманы болып жұмысқа қабылдандым.

Осында жұмыс істеген уақытымда, тек өзіме емес, айналамдағы адамдарға деген көзқарасым да өзгерді. Байыпты әрі жауапты адамға айналдым, ой-өрісім кеңейді. Бірде бізге төсек тартып жатқан науқас баланы сүйемелдеу туралы сұрау келіп түсті. Оған ата-анасымен бірге Алматы қаласынан Орал қаласына ұшып бару керек болды, бірақ сол сәтте ол әуежайға ұшатын рейс болмады, ал бала бірнеше ұшақты ауыстырып ұшатындай жағдайда емес еді. Нәтижесінде өз рейсімізбен жіберуге мүмкіндігіміз болмаса да, барлық ішкі компанияларға қоңырау шалып, ата-анасына барлық мүмкін нұсқалар туралы ақпаратты жинап бердім. Баланың әкесі мен анасы бізге дән риза болды. 2014 жылдың күзінде сол кісілер ұлын тасымалдау мәселесі бойынша қайта келді, біз тағы да көмегімізді аянып қалмадық.

Компанияның бізге беретін мүмкіндіктері арқасында саяхат жасауды ұнатып кеттім. Жақын адамдарыммен уақыт өткізгенді, сурет салғанды жақсы көремін. Айтпақшы, өмірді де жақсы көремін.



Гауһар Қонысова

Арнайы қызметтер жөніндегі аға агент

 

Мектепте оқып жүрген кезімде-ақ мен туризм саласында жұмыс істеуді армандадым. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды «Туризм» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін мен түйіндемемді «Эйр Астанаға» жібердім, содан көп ұзамай брондау және ақпарат орталығына маман болып, жұмысқа кірістім. Маған мұнда бәрі өте ұнайды. «Эйр Астанада» ең кәсіби және жоғары білікті, қашан да көмектесуге дайын тұратын қайырымды мамандар жұмыс істейді деп есептеймін. Жолаушылармен жұмыс істеу оңай емес. Өйткені қажетті процедуралар мен ережелерді сақтаудан басқа, әрқайсысы әр түрлі адамдардың тілін таба білу, күйзелістерге төзімді болу қажет. Осында жұмыс істеген 4 жылдың ішінде мен көп нәрсеге үйрендім, қазір арнайы қызметтер жөніндегі аға агентпін. Біздің бөліміміз түрлі жағдайларға — ауа райына, техникалық себептерге және т.с.с. байланысты туындайтын рейстер уақытының өзгерулері туралы жолаушыларға хабарлаумен айналысады. Күн сайын, рейстер кешеуілдегенде немесе алынып тасталғанда жолаушыларға көмектесе отырып, өзімді бақытты сезінемін. Мұндай жағдайларда адамдар көбіне абыржып, сасқалақтап қалады. Осындай қолайсыз жағдайлар тек жолаушылар ғана емес, сонымен қатар, біздер, әуе компанияның қызметкерлері үшін де күйзеліс болады. Біз билеттерді ыңғайлы рейстерге ауыстырып рәсімдеуге көмектесеміз, клиент риза болғанда, біздің де жанымыз жадырап сала береді.



Юлия Федорова

Брондау және ақпарат орталығының менеджері

 

Шет тілдер факультетінде оқитын студенттердің көпшілігі сияқты, мен де бүкіл әлемді саяхаттап шығуды армандадым, сондықтан университетті бітірген бойда, ойланып жатпастан, «Эйр Астананың» бортсерік қызметіне бірден өтінім жібердім. Міне, мен 10 жылдан астам бойы осы компаниядамын! Мен 3 жылдан астам уақыт бортта супервайзер болдым, ал тұрмысқа шыққаннан кейін жерге түсу туралы шешім қабылдадым. 2011 жылы брондау бөліміне ауыстым. Мұнда бәріне қайтадан үйренуіме тура келді. Әуежайдағы сату офисін әуе компаниясының бет-бейнесі десе де болады. Ұсынылатын сервистің, білім мен іскерліктің деңгейі, сыртқы түрің, сөйлеу мәнерің мен даусың адамдардың сезімдеріне тікелей әсер етеді және олардың әуе тасымалдаушысын таңдауы кезінде шешуші фактор болуы мүмкін. Адамдармен араласқанда сезімге және күйзеліске берілместен, өзіңді қандай жағдайда да ұстай білуге, әуе компаниясының имиджі мен табыстылығына жеке үлес қосуға үйрену қажет болды. 2012 жылы мен өңірлік офистердің арасында ең үздік агент атандым, ал 2013 жылы өңірлік менеджер лауазымына конкурстан өттім. Бұл менің мансап жолымдағы маңызды да қызықты кезең болды. Қазақстан бойынша ұдайы іссапарларға бару біздің үлкен еліміздің басқа қалаларының тарихы мен адамдарын жақсырақ білуіме, жолаушыларға жаңаша көзқараспен қарауыма, олардың қажеттіліктерін түсінуіме көмектесті. Қазір мен брондау және ақпарат орталығының менеджерімін. Мен үшін ол — «Эйр Астананың» жүрегі. Біздің барлық өкілдіктеріміз бен департаменттерімізден жаңалықтар осында ағылып келіп жатады: қай жерде форс-мажор болса да, брондау және ақпарат орталығы бірінші болып, қоңырауларды қабылдайды, тамыр соғысын нақ осы біз бақылаймыз. Біз ұдайы оқып-үйренеміз және әріптестеріміздің тәжірибесін енгіземіз: мәселен, өткен жылдың жазында мен Мәскеуде өткен жетекші байланыс орталықтарының жыл сайынғы саммитіне қатыстым. Алған білімім маған сall-орталықтың жұмыс процестерін реттеуіме көмектеседі.



Дәуір Еркеұлы

Билеттер сатылымы жөніндегі агент

 

Университетті бітіргеннен кейін менің бір шағын компанияда жұмыс істеуіме тура келді, бірақ одан ешқандай перспектива көре алмадым. Сондықтан «Эйр Астана» сайтынан бос орын туралы хабарландыруды оқыған бойда, өз өмірімді өзгертуді ұйғарып, түйіндемемді жібердім. Әуе компанияның қызметі туралы көптеген оң пікірлер естіп, оның нәтижелерін көрген мен ұжымға қосылуға шешім қабылдадым, қазір енді оның бір бөлшегімін. Алғашында қиын, бірақ қызықты болды. Мен брондау және ақпарат орталығында агент болып жұмыс істедім, әріптестерімнен үйреніп, тренингтерге қатыстым. Біздің жұмысымызда ұсақ-түйек жоқ, тіпті бет-әлпетіңді дұрыс ұстау да өте маңызды. Өйткені «Эйр Астана» жолаушыларының саяхаттары нақ осы біздің офистен басталады. Егер үнемі болып отыратын барлық қызықты оқиғаларды еске түсіретін болсақ, онда толық бір кітап жазуға болады! Бізге егде жастағы адамдар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері келгенде, сондай ғанибет — әуе компаниямыз оларға арнайы акциялар бойынша жеңілдікті билеттер береді. Кейде олар біздің тұсымыздан өтіп бара жатып, жай ғана билеттің бағасын білуге бас сұққанда, біз оларға 100 пайыздық жеңілдік ұсынамыз! Адамдардың көздеріде қуанышты көргенде, қандай сезімге бөленетінімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біздің оқуға, жұмыс істеуге және өмір сүруге мүмкіндіктеріміздің болғаны — осы кісілердің арқасы. Мен осындай мүмкіндіктер беретін компанияда жұмыс істегеніме бақыттымын.



Жергiлiктi қызмет көрсету жөніндегі департаменті

 

Ляззат Сагиева

Жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі менеджер, Ақтөбе

Менің авиацияға деген құштарлығым 11 жасымда ең алғаш рет әкеммен Алматы қаласына ТУ-154 ұшағымен ұшқан кезде пайда болды. Мен ұшақ терезесінің қасында жерге аспаннан қарап отырдым. Сол сәтте ұшақпен тағы да ұшуға құмар болдым. Артур Хейлидің «Аэропорт» романын оқып, авиация, әуежайдың әр-түрлі салаларымен танысқаннан кейін, өзімнің тек қана осы салада халыққа қызмет етуім керектігін түсіндім.

Мен мамандығым бойынша ағылшын тілінің аудармашысымын. Оқуды бітіргеннен кейін мұнай өңдейтін мекемеде жұмыс жасадым. Тұрмыс құрып, нәрестем тоғыз айға толғаннан кейін газеттен жер үсті бөліміне жұмысқа қабылдау туралы жарнаманы көріп қалдым. Бірінші тур Ақтөбе қаласында өтті, үміткерлер көп болғандықтан, турдан өту мүмкіндігіне сенбедім. Дегенмен, маған қоңырау шалып, екінші турға шақырды. Мен қатты толғандым, себебі мекеменің ең тұңғыш президенті Ллойд Пакстон қатысты. Сөйтіп, әуежай менің екінші үйіме айналды.

Менің қызметтің сапасының жоғарлануына әсер ету мүмкіндігім бар ма – мен Ақтөбе қаласының жер үсті бөліміне жауаптымын - әрине! Мысалы, біздің әуежайда жолаушыларды тіркеумен әуежайдағы тасымалдау қызметінің агенттері айналысады. Сол кезде, мен «Эйр Астананың» рәсімдері мен ережелерінің сақталуы және жолаушыларға басқа станцияларда бірдей қызмет көрсетілуіне сенімді болу үшін, қызмет бойынша тренингті өткізуді ұсындым. Тренинг өткізілетін болды. Рольдік ойындар (агент-жолаушы) ұйымдастыру арқылы, біз тіркеу кезінде үнемі туындайтын кез-келген жағдайларды талқылаймыз, жаңа ережелер мен рәсімдерді үйренеміз.

«Эйр Астанадағы» жұмыс мені немен қызықтырады? Ондағы жұмыс күні басқа күнге ұқсамайды, «жалықтыратын жұмыс» сөзінің менің жұмысыма ешбір қатысы жоқ. Менің ойымша, мекеме өзінің жолаушыларының арқасында Skytrax төрт жұлдызына ие болды, себебі олар ғана әуе компанияны таңдайды. Сонымен бірге, «Эйр Астананың» әрбір қызметкері сол таңдаудың біздің пайдамызға жасалуы үшін барынша күшін салады.

Мен бақытты жар, әрі Дильназ атты қыздың анасымын. Тенниспен шұғылданғанды ұнатамын, таңертең жүгіремін, велосипед айдаймын, би және кардиопластикаға қатысамын, психологияға әуесқормын, кітапты көп оқимын. Бұл да менің жұмысым сияқты өмірімнің бір бөлігі.




Александр Небога

Жерде қызмет көрсету бөлімінің вице-президенті

 

Біз авиация туралы айтқанда династия туралы ойлауға үйренгенбіз. Дәстүр солай — ұшқыш отбасында туған ұлдың ұшқыш болуы әбден мүмкін. Жерде қызмет көрсету бөлімінің вице-президенті Александр Небога «Эйр Астана» компаниясына келмес бұрын авиацияға ешқандай қатысы болмаған. Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Елтану: араб тілі» мамандығын тәмамдады. Ата-анасы ұлдары дипломат болады деп ойлады — сол кезде шығыс тілдерін меңгерген азаматтарды мемлекеттік мекемеге қуана жұмысқа алатын.

- Бір күні курстастарымызбен кездесіп, болашақ туралы талқыладық, бұл соңғы курс болатын. Достарымыздың бірі Ерболат Байсалықов сол кезде «Эйр Астанада» жұмыс істейтін, ол бұл мекеменің жаңа компания екенін және онда жұмыс істеу қызықты екенін әңгімелеп берді. Қандай да бір елге барып, жұмыс істеп, тілімізді дамытсақ жақсы болар еді деп әзілдескеніміз әлі есімде. Диплом алғаннан кейін Астана мен Қарағанды қалаларындағы көптеген компанияларға түйіндемемді жібердім, оған қоса сол уақытта мемлекеттік қызметке тұру үшін іріктеуден өтіп жүрдім. Түйіндемемді «Эйр Астанаға» да апарғаным әлі күнге дейін есімде, компанияның өзіне кіре алмадым, түйіндемемді кеңсенің тіркеу орнына қалдырып кетуге тура келді. Түйіндемем компанияға жетеді деп ойлаған да жоқпын. Сөйтіп, бір күні «Эйр Астанадан» қоңырау шалып, сұхбаттасуға шақырды, сосын Астана және Алматы қалаларындағы іріктеуге жіберді.

Екінші сұхбаттасудан кейін «Эйр Астанада» жұмыс істеу ойы қызықты болып көрінді. «Мен өз білімідерімді, соның ішінде тілдік қабілеттерімді қолдана аламын деп ойладым», — дейді Александр. Оның сол кездегі таңдауына ықпал еткен нәрсе де осы болды. Александр жерде қызмет көрсету жөніндегі агент лауазымына қабылданып, Алматыға оқуға жіберілді.

- Бізге тіркеу жүйесін үйретті, ал мені «мұнда не істеп, не үшін жүрмін?» деген ішімдегі сұрақ үнемі мазалайтын. Осы сұрақты туыстарым мен достарым да қоятын. «Араб тілін 5 жыл бойы не үшін оқыдың?», — деп ата-анам түсінбейтін. Бірақ мені перронға жібергенде, авиация саласында жұмыс істеу қызықты екенін түсіндім.

Александр перроннан кейін әуе кемелерін ортаға дәлдеу жөніндегі маман ретінде және жердегі қызмет бойынша түрлі жобалармен жұмыс істеді. 2008 жылы сол кездегі жерде қызмет көрсету жөніндегі директор Оливер Мэтвик жерде қызмет көрсету департаментіндегі жобалар менеджері лауазымын ұсынды. Жобалар көп болды — Рүстем Қарымовпен бірге іске қосқан онлайн тіркелу жобасы, Астана мен Алматы қалаларындағы ұшақтарды мұз қатудан қорғау жобасы, Орталықтандырылған ұшу құжаттарын дайындау қызметі жобасы.

2010 жылы Александр отбасын Алматыға көшіріп әкелді, сол жылы жерде қызмет көрсету департаментінің менеджері лауазымына ауысты.

- Біз станциялардың жұмысын талдадық, персоналмен жұмыс істедік, жаңа бағыттар аштық. Әсіресе ТМД елдерінде көп станциялар ашылды. Оған қоса сол уақытта Алматы, Астана қалаларының әуежайларындағы Тасымалдаушылар комитетіннің алға басуына үлес қостық жәнежұмысты жақсарту бойынша идеялар мен жобаларды ұсынып белсенді іс атқардық. Бұл әуекомпанияларда туындаған сұрақтарды әуежай өкілдерімен талқылап, шешімдер тауып, оларды іске асыруға мүмкіндік беретін жақсы тәжірибе. АОС бүкіл әлемде заңды түрде бекітілген. Біз де болашақта осыған келеміз деп ойлаймын.

Сол кезде Александр жобалармен қоса, жерде қызмет көрсету жөніндегі директор орынбасарының жұмысын атқарып жүрді. Алда үлкен мақсаттар болды, ең алдымен қызмет көрсету деңгейін жақсартуы болды. Басшылық бастамасымен Сингапурдан компания шақырылды, барлық қызметкерлер жолаушылармен жұмыс істеу жөніндегі тренингтен өтті. Қызметкерлердің жұмысқа деген көзқарасын өзгерте алдық, қарбалас сәттерде жұмыс тиімділігін арттыруға көмектескен өзгермелі жұмыс кестесі енгізілді.  

2014 жылы Александр жерде қызмет көрсету жөніндегі директор орынбасары, ал көп кешікпей Департаменттің вице-президенті болды. 2016 жылы жерде қызмет көрсету департаменті мобильді тіркелу қызметін іске қосты. Бір қарағанда айтарлықтай қарапайым құрал сияқты, бірақ оны ендіру жолаушыларға қызмет көрсету процесін жеңілдететін үлкен өзгерістерді талап етеді.

- Енді өткенге қарап, күмәндарым мен авиациядағы алғашқы қадамдарымды есіме түсіріп, дұрыс таңдау жасағанымды түсінемін. «Эйр Астанаға» дейін Қазақстанда тап қазіргідей жерде қызмет көрсету бұрын-соңды болған жоқ. Біз тың жұмысты ұйымдастырамыз, жаңа тәжірибе жинаймыз және осының бәрі қызықтырмауы мүмкін емес. Біз ең үздік халықаралық тәжірибені өз жағдайымызға үйлестіріп қолданамыз. Мыңдаған қазақстандықтар қолданатын өнімдерді ендіреміз. Күн сайын жаңа білім алып, қарқынды өзгеріп отыратын салада тәжірибе жинаймыз — бұдан қызық не болушы еді. 11 жыл бойғы жұмысымда «Эйр Астана» менің және отбасымның бір бөлігіне айналды. Менің өмірімдегі «Эйр Астана» оқиғасы мен отбасымның оқиғасы тығыз байланысты болып қалды, себебі осы екі оқиға бір күнде басталды.

Александрдың авиация туралы қызықты қылып әңгімелеп беретін қабілеті бар. Сондықтан оның туған ағасы мен екі жақын досының авиация саласында жұмыс істейтіні таңданатын нәрсе емес. Олар «Қазаэронавигацияда» диспетчер болып жұмыс істейді. Саяхаттағанды жақсы көретін балалар өсіп келе жатыр. Кім біледі, мүмкін бұл жаңа құрылған аспан династиясының басы болар.