Ташкентке саяхатым
Дәмді палау мен нағыз күлкі қаласы. Сания Усабекова ертегіге сенуге оңай қала туралы айтып береді.
СУ
Сания Усабекова
Mon, 05 Jun 2023
Күн шуақты Ташкент – шабдалы мен анардың, дәмді палау мен шынайы күлкінің қаласы.
Маған Ташкентте өмірімнің әр кезеңінде: студенттік шақта құрбыммен жазғы демалыста, институттан кейінгі бірінші жалақыма достарыммен бірге және қазіргі ересек өмірімде жұмыс бабымен бірнеше рет болу мүмкіндігі түсті.
Ташкентке соңғы рет келгенімде, бізді әйгілі «Караван» атты этникалық мейрамханасында өзбек тағамдарының дәмін татуға шақырды. Мейрамхана қала орталығында әуежайдан алыс емес жерде орналасқан. Интерьері дәстүрлі және ұлттық мотивтермен жасалғандығымен әйгілі. Атмосферасы қонақты 50 жыл бұрынғы кезеңге жетелейтіндей.
Ас үйі тіпті керемет: дәмді палау, кима-кебаб, ачучук салаты мен тандыр самсасы ешкімді бей-жай қалдырмас.
Кез келген шығыс қаласының ең атмосфералық орны – дәмді хош иістер мен жарқын тауарларларын саудалаған саудагерлердің шуына толы базар болса керек.
Чорсу – Ташкенттің ескі бөлігі, Алмазар ауданындағы Навои көшесінде орналасқан Өзбекстан мен Орталық Азиядағы ең ірі базарлардың бірі. Чорсу базары орта ғасырларда да белгілі болып, Ұлы Жібек жолында үлкен маңызға ие болған.
Сол жерден кәдесыйлар, қолмен боялған ыдыс-аяқ, ұлттық шапандар мен бас киімдерін, дәмдеуіштер мен сүт өнімдерін сатып ала аласыз.
Сонымен қатар жаңа піскен інжір, шабдалы, анар мен жүзімнің түр-түрін ұсынған жеміс-жидек базарын айналып өту мүмкін емес. Шығыстың дәмі әсерлі.
Шоу мен ойын-сауық әуесқойлары биыл ашылған Ташкент Disney Land Magic city-ге барғаны жөн.
Қала орталығындағы үлкен аумақтағы әр үй немесе ғимарат белгілі бір елдің сәулетінде жасалған, мысалы: Лондондағы Шерлок Холмс үйі немесе Египет ғимараттары.
Тар көшелері Еуропаны еске түсіреді, әр түрлі брендтер ұсынған киім-кешекті осы жерден-ақ сатып алуыңызға болады. Ал кешкілік ән фонтандарының әсерлі музыкасының ырғағымен бас қамалға сүйсіне қарап отырып, ас немесе кофе ішіп, рахат таба аласыз. Ерлі-зайыптылар мен балалар үшін су асты әлемін тамашалауға болатын асханалары бар аттракциондар мен океанариум орналасқан.
Жалпы, Magic city – бұл тарих пен сиқырға толы жаңа қалашық, мұнда біз Регистанға барып, Самарқанд пен Бұхараны еске салатын бірнеше суретке түстік.
Содан кейін тар көшелермен қыдыра жүріп, біртіндеп туристерге толы дүкендерді аралап, түрік мейрамханасында дәмді түскі ас ішіп, субұрқақтардың кешкі шоуын тамашаладық. Әрине, біз Magic city-ге қайта ораламыз!
Сапарымыз медицина саласындағы жұмыспен және ЭКҰ «Miracle IVF» клиникасының дәрігерлерімен тәжірибе алмасумен байланысты болды. ТашМИ ауданында Совет үкіметі тұсында құрылған көптеген көпбейінді, онкологиялық, ЭКҰ, травматологияға маманданған және т.б қалалық және жеке ауруханалар мен емханалар шоғырланған қалашық бар. Халық ішінде оны әлі күнге «Мед қалашық» деп атайды.
Бос уақыт пен демалыс күндерін аквапарктер мен су кешендерде өткізуге болады. Ташкенттің ыстық және шуақты ауа райына қарай көптеген аквапарктар мен бассейндері бар.
Соның бірі 2021 жылдың маусымында бұрынғы Мирзо Ұлықбек атындағы (Тельман саябағы, Ташкент) мәдениет пен демалыс саябағында ашылған жаңа ірі су кешені – «Теңіз».
Су сырғанақтары, кең бассейн, сырғанақтары бар кең балалар бассейні, фуд-корт пен мейрамханалар, бірнеше бар аймақтары мен бірегей су бары, сонымен қатар диджейлер мен эстрада жұлдыздарының өнерін паш ететін сахна. Шағын «Теңіз» – бұл отбасыңыз немесе достарыңызбен бірге демалуға, туған күн тойлап, немесе ұмытылмас кеш өткізуге болатын тамаша орын.
Мен қалада асықпай серуендегенді ұнатамын. Сөйтсеңіз ғана, қаланы егжей-тегжейлі зерттеп, қала өмірі мен тұрғындарын бақылай аласыз. Ташкент – өте жасыл әрі әдемі қала. Қала орталығындағы Әмір Темір көшесінде көптеген субұрқақтар бар. Ыстық күнде солардың салқын лебі саяхатшыға оазистей көрінер. Дәмді тағамдардың көптігі, саябақтар, мұражайлар мен театрлардың көп шоғырлануы елорда қонақтарын қызықтырады.
Біз бірнеше мұражайға бардық, олардың бірі - Қолданбалы өнер мұражайы (Ракатбоши к -сі, 15) - егер ежелгі астаналарға баруға уақытыңыз болмаса, осында келіңіз.
Өзбекстанның жүрегі саналатын – ежелгі қолөнер тәжірибесі: тоқу, алтын кесте, керамика және тіпті халық аспаптарын осы жерде көзбен көріп, ұстап көре аласың. Мұнда қолданбалы өнердің барлық түрлері бойынша масте-класстар жиі өткізіледі. Мұражайға кіру – 0,5 евро.
Орталық саябақтың дәл қарама-қарсы жағында Эко-парк (Хамид Олимжан көшесі) орналасқан.
Мұнда аттракциондар жоқ, бірақ велосипед жолы, теннис корты, волейбол алаңы сынды ашық ауада спортпен айналысуға арналған басқа да алаңдар бар. Егер сізде спорттық құрал-жабдықтар болмаса, алысқа бармай-ақ сол жерден бәрін жалға алуға болады.
Эко паркте Орталық Азиядағы бірегей «Аладдин» қуыршақ театрына бардық. Орталық Азиядағы жалғыз қуыршақ театры өз сахнасында шығыс пен батыс ертегілеріне негізделген тамаша қойылымдарды ойнап келе жатқанына міне екінші жыл. Жіптердің кішкене қозғалысына бағынатын, сонымен бірге керемет жұмбақ әрі бізге ұқсас қуыршақтар балалар мен ересектерге нағыз ертегіні көріп, соған біраз уақыт сенуге мүмкіндік береді.
Күн шуақты Ташкентке саяхат жасаңыз, жылы эмоциялар мен естеліктер ұзақ уақытқа дейін жүрегіңізге жылу сыйлайды!