Брондау және басқару
Ақпарат
Nomad Club
Көмек

Kazakhstan Flag
KZ
KAZ

Нью-Делиге саяхатым

Дәстүр мен заманауилықтың тоғысқан жері. Маржан Мәлік Үндістанды жан-жақты ашады.

ММ
Маржан Малик

Thu, 22 Jun 2023
Делиге алғаш рет 2011 жылы шамамен 3 айға созылған студенттік тәжірибе аясында бардым. Таңдауыма болатын елдердің тізімі кең еді, бірақ неге екені, назарым бірден Үндістанға түсті, кейін оны жақсы көріп кеттім.
Ұшақтан түсе салысымен ыстық әрі ылғалды ауаға бөленіп, кенеттен ерекше иіс пен мүлде басқа әлемді сезіндік.

Үндістанның премьер-министрі болған жалғыз әйел – Индира Гандидің есімімен аталатын үлкен, салыстырмалы түрде жаңа Дели халықаралық әуежайын ерекше атап өткен жөн

Делиді бірден жаныма жақын тарттым. Ашық түстермен безендірілген қалаға назарым ауа берді. Көңілді, күлімсіреп тұратын адамдар, түрлі дәмдеуіштер қосылған алуан түрлі ерекше ащы тағамдар, күндіз-түні тынбайтын шу... Қала ауа райына байланысты таңертең ерте оянып, жұмысқа кіріседі, бірақ түскі уақытта да тоқтамайды. Ал түнде сәнді мекемелерде өмір қыза түседі. Оған қоса, байлық пен кедейлік арасындағы қарама-қайшылық та таң қалдырады.
Дели туристерді өзіне әртүрлі бола білетіндігімен магнитше тартады. Үндістан көптен бері өзіне әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар назарын аударуда. Әр қадамда мешіт, шіркеу, синагога, буддистер, сикхтер мен басқа да түрлі ғибадатханаларға іргелес орналасқан индуизм ғибадатханасы бар. Бір қала, бір елде мыңдаған жылдар бойы түрлі дін өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олардың өмірі мен мәдениеті бір-бірімен астасып жатқаны сонша, оларды бір-бірінсіз елестету қиын. Мұнда кейбір жерлерде толық антисанитарлық жағдай мен қорқынышты аурулар бар, бірақ сонымен бірге ең заманауи технологияларға ие тамаша медицина мен медициналық клиникалар бар. Ғибадатханалардың тыныштығы мен көше базарларының шуы өз алдына бөлек әңгіме.
Үш негізгі аймаққа бөлінген Делиде – «Ескі», «Жаңа» және «Оңтүстік» – көне мен заманауи әлем үйлесім тапқан. Оны ғасырлар бойы қалыптасқан мешіттер, дизайнерлік дүкендер, хош иісті дәмдеуіштер базарлары мен тыныш саябақтардан байқауға болады.
Егер Делиге жолыңыз түссе, Үндістанның ең көне, үлкен және әдемі мешіттердің бірі – Джама Масжид мешітіне баруды ұмытпаңыз. Қызықты факт – Үндістанда 300 000-нан астам белсенді мешіт бар.

Делидің қыз-қыз қайнап жататын базары – Чанди Чок көшелерімен серуен құрыңыз. Көрікті жерлері: Қызыл Форт, Ақшардам, Үндістан қақпасы, президенттік бақ, Хумаюн мазары, Лотос храмы, Кутуб Минар мұнарасы, Махатма Ганди мемориалы, Үндістан ұлттық мұражайы және т.б.

Моңғол, араб, парсы, португал, британдықтардың көптеген шапқыншылығы мен басып алуына қарамастан, Үндістан өзінің түпнұсқалығы мен бірегейлігін сақтай алды және қазіргі күні заманымыздың ең көрнекті туристік бағыттарының бірі болып саналады. Дегенмен, Үндістаның әр аймағы иелік еткен отаршыл елдердің ықпалына қарай бір-бірінен ерекшеленеді.
Өз басым әркім көруі керек деп ойлайтын, Керала штаты туралы жалпылама түрде айтып өткім келеді.
Керала – Үндістанның оңтүстігінде Араб теңізінің жағалауында орналасқан штат. Ол өзінің тазалығы, жергілікті халықтың білім деңгейінің жоғарылығы, Аюрведа курорттары, Үнді мұхитының ақшыл сулары мен жағажайлары ақ құмды кішігірім романтикалық қалалардың көптігімен ерекшеленеді. Тропикалық ормандарында жабайы пілдер, экзотикалық құстар мен жолбарыстар мекендейді, шай мен түрлі дәмдеуіштердің мәдени плантациялары бар. Қайық пен су қоймаларының көптігіне бола Кераланы «Үнді Венециясы» деп те атайды. Елге келген туристер хаузботтармен (судағы қонақ үйлер) Кералы суларындағы заманауи круиздерге аттанады.
Ең қызығы, бұл елден не күтсеңіз, одан да соны аласыз: оған қалай қарасаңыз, ол да сізге солай қарайды.
Үндістанға сапар шегуді жоспарлап отырғандарға елдің өзіне ғана тән ерекшеліктері бар екенін, ол сіз бұл күнге дейін көрген бір де бір елге ұқсамайтынын, мүлде басқа екендігін сынсыз, түсіністікпен және сүйіспеншілікпен қабылдауға кеңес бергім келеді.
Үндістан сиқыры санаңызды жаулап, сізді магнит сияқты қайта шақырып тұратын болады. Онымен бір таныссаңыз, ерекше елге мәңгі ғашық боласыз. Ол тарихи, дәстүрлі, сонымен бірге өте заманауи, кейде лас, қараңғы түнекке толы немесе керісінше өте дамыған медицина мен бай сәулеті бар маңғаз әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ бір білерім: Үндістан ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Түрлі түсті сари жамылғысы астында, хош иісті тұман ішінде әлі де көптеген әңгіме, құпия мен аңыздар жасырынған. Сол «басқа өмірді» көргіңіз келсе, Үндістанға барыңыз.
ММ
Маржан Малик
*Автордың жеке пікірі әуе компанияның ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.