Ыстамбұлға саяхатым
Еуропадан Азияға шекарадан өтпей-ақ жету? Арман Сатыбалдин сырын біледі.
АС
Арман Сатыбалдин
Thu, 22 Jun 2023
Ыстамбұл жайлы миллиондаған мақала жазылып, жүз мыңдаған бейнефильм түсірілді. Сол себепті бұл жарқын қала туралы жаңа нәрсе айтып, таң қалдыру мүмкін емес болар. Әйтсе де, сіздерге туристерге арналған үздік ұсыныстар тізіміне кірмегеніне қарамастан, баруға тұрарлық кейбір жерлер жайлы айтып бергім келеді.
Ыстамбұл археологиялық мұражайы (Istanbul Arkeoloji Müzesi) – мұражай көне қазынаға өте бай. Топкапы сұлтандар сарайының жанында орналасқан.
Константинополь Рим мен Византия империяларының ордасы болып, билігі күшейіп тұрған кезде әлемнің түкпір-түкпірінен байлық осы қалаға ағылғаны таңқаларлық емес. Егер тарихты жақсы көретін болсаңыз, онда бұл мұражай сізді бей-жай қалдырмайды. Бір сидониялық саркофагтың өзі неткен жәдігер! Алтын Мүйіз шығанағын бұғаттаған үлкен тізбектің үзіндісі ше?!
Чора шіркеуі – ХI ғасырда салынған ең әдемі шіркеу.
Ішінде жарқын мозайка мен фрескалар әлі күнге сақталған, ал күмбезі өз алдына бөлек шедевр. Дәл бес ғасыр бұрынғыдай қазіргі күні шіркеу музей шіркеу қызметін атқарып тұр.
Балат ("Balat"). Өте танымал орын, бірақ неге екені, әлі туристтік ұсыныстарға кірмеген. Өте атмосфералық және жайлы аймақ. Тарихқа сенсек, еврей кварталы болған. Қарапайым ыстамбұлдықтардың қалай өмір сүретінін байқап, серуендеуге болатын тамаша орын. Бұл аймақ еңістеу тас көшелерімен және тығыз орналасқан түрлі-түсті үйлерімен танымал.
Ыстамбұл – басқаның бәрін айтпағанда Түркияның футболдан үш арысы саналатын – Галатасарай, Бешикташ және Фенербахче орналасқан футбол астанасы. Түрік жанкүйерлері әлемдегі ең шулы жанкүйер деген атаққа ие, бейресми шу рейтінгтерінде олардың стадиондары үнемі ең көп децибел шығаруда.
Егер сапарыңыздың бірнеше күні Ыстамбұлда өтсе, футбол кестесін тексеріп алып, сондай матчтардың біріне бара аласыз. Маған бір кездері «Галатасарай» «Бешикташты» қабылдаған тартысты көру бақыты бұйырды. Ұмытылмас атмосфера, жанкүйерлердің әндері мен ұрандары құлағыңызда ұзаққа дейін сақталып тұрады.
1453 ж. 29 мамыр – Османлылар жас сұлтан II-ші Мехметтің басшылығымен Константинопольге басып кіріп, сұлтандардың ұлы қаланы жаулап алу туралы ежелгі арманын жүзеге асырған күн. Халықтың осы датаны ерекше құрметтейтінін бүкіл қала бойынша 1453 нөмірлі кафелер мен кәдесый дүкендері кезіге беретінінен-ақ білуге болады.
Қаланы басып алу тақырыбына қызығушыларға 1453 Панорама ("1453 Panorama") мұражайына баруды ұсынамын. Ескі қаладағы Мехмет II жеңіске жеткен бекініс қабырғасының жанында орналасқан. Айтпақшы, жақсы сақталған бекініс қабырғалары бүгінгі күннің өзінде әсерлі көрініс сыйлайды.
Түнел ("Tünel") – теңіз жағалауындағы Қаракөй мен Бейолу аудандарын жалғайтын фуникулер. Қалаға бір жарым ғасырға жуық уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан бұл метро әлемде көнелігі жағынан екінші метро саналады! Егер сіз инженерлік жобалардың немесе метро станцияларының сұлбасынан коллекция жинап жүрсеңіз, метро тарихын жақсы көретін болсаңыз (мұндай адамдар да бар екен), міндетті түрде бұл жерге де ат басын бұрыңыз. Солай етсеңіз, Галата мұнарасына көтеріліп шаршамай, көп энергия үнемдей аласыз.
Босфордан жүзіп өткенде Еуропадан Азияға сапар шеккендей күй кешесіз. Ең дұрысы Кадикөй аймағына бару керек. Бұл көптеген дүкендер, ресторан мен кафелері бар өте жанданған аймақ.
Жүз жылдан астам уақыт бұрын салынған монументалды Хайдарпаша теміржол вокзалы вокзал архитектурасының ішінде бірегейі болар. Тар көшелерінен де көптеген қызықты көше өнерін таба аласыз. Атаудың шығу нұсқаларының бірінде –Византия құрылғанға дейін салынған Грекияның Халкидон қаласы делінген. Геродот халкидондықтарды соқыр деп атады. Өйткені соқырлар ғана Еуропа жағалауындағы мына керемет орынды көріп, Азиядан жаңа қала көтермес деп ойлайтын. Айтпақшы, Ыстамбұлдағы ең жақсы еуропалық дүкендер осы азиялық бөлікте деп есептеледі. Бірақ өзім бұл парадоксты тексерген жоқпын, оны дүкен әуесқойларына қалдырамын.
Сөз соңында, егер кешке Сұлтанахмет аймағында болсаңыз, міндетті түрде азанды күтіңіз дер ем.
Айя София мен Көгілдір мешіттің арасында тұрсаңыз, азаншылардың (Түркияда оларды азанчи деп атайды) екі бірдей қасиетті жерден кезекпен тұрғындарын құптан намазына шақырғанын ести аласыз. Сезіне алсаңыз, бұл сәт ұмытылмас естелік қалдырады деп ойлаймын.