Крит - еуропалық өркениеттің бесігі
ГА
Галия Абдрахманова
Wed, 08 Jun 2022
Көбіміздің үйімізде Николай Кунның «Көне Грекия аңыздары мен мифтері» атты кітабы болған шығар. Осы жинақ желісімен совет кезінде әдемі де тамаша мультфильмдер легі түсірілді. Гераклдың ерлігі, Минотавр жайлы және аргонавттар қайсарлығы туралы аңыздар әлі жадымызда. Демократия, олимпиада ойыны, театр… «грекиялық» тізімді жалғастыра беруге болады. Тарих факультетінің түлегі болғандықтан, мен үшін Грекияға бару арман еді.
Жерорта теңізіне саяхатта басты тоқтайтын жеріміз Крит - ірі грек аралының бірі. Мұнда қызықтырар жағажай, зәйтүн алқабы, автомобильмен бұралаң тау жолы және сүйсінетін көрініс көп.
Критке көбіне қонақтар астанасы - Ираклион арқылы жетеді. Бұл жерде аралдың негізгі әуе және теңіз порттары орналасқан.
Қалада Кносс сарайына - Грекия мен күллі Еуропа аймағындағы алғашқы нағыз өркениет орталығына бардық, ол тарихшыларға миностық деген атаумен (аты аңызға айналған криттік Минос патшаның құрметіне) танымал. Аңызға сүйенсек, Минотавр лабиринті осы жерде болған.
Қазба кезінде Кносс сарайы территориясынан табылған артефакттарды Ираклионның археологиялық мұражайынан көруге болады. Крит пен Грекия тарихын жақсырақ білу үшін, оған баруды өте-мөте ұсынамын.
Аралмен тағы бір аңыз байланысты - ол «Еуропа» атауының шығу тегі. Айту бойынша, финикийлік патшаның әдемі қызының есімі Еуропа болыпты, оны бұқа кейпіне енген Зевс ұрлаған да, Критте тығып қойған.
Шағын демалысымыздың тұрағы қылып біз Ираклионнан батысқа қарай шамамен бір сағат жердегі, аралдың Ханья қаласын таңдадық.
Критте көлікті жалға беретін ірі һәм шағын компания мол. Солардың бірінің қызметін пайдаланып, еш өкінген жоқпыз. Крит жолдарымен - айтарлықтай кең тас жолдан теңізге ғажап көрініс ашылады, таулы бұралаң жолмен және қарапайым ауылдардың көшесімен жүрген нағыз рақат. Зәйтүн алқабымен өтіп бара жатып тоқтап, зәйтүн майын көбіне фермерлердің өзінен сатып алуға болады. Бұл жердегі майдың жүз пайыз табиғи екеніне сенімді болыңыз.
Орта ғасырда Ханья қаласы ұзақ уақыт Венеция республикасына қарады. Бүгінде Венеция айлағында серуендеп, шамшырақ пен сол заманнан қалған арсеналды көруге болады. Осы жерде, теңіз жағасында Крит пен Грекия тарихының тағы бір маңызды кезеңінен - Осман әмірлігінен қалған ескерткіш Кючук Хасан мешіті бар.
Әрине біз Грекияға тарихи көрнекті жерлерді тамашалайын деп қана емес, жағажайында демалуға да бардық. Криттің оңтүстік батысында Ханьядан бір жарым сағат жерде ең әдемі жағажайдың бірі - Элафониси бар.
Бұл керемет жағажайдың құмы қызғылт және суы шынымен мөлдір. Жаға еңіс және аса терең емес, сондықтан әсіресе кішкентай балалы отбасына жақсы.
Біз Элафониске жүрегімізді сыйлап қоймай, ашық теңізге қалқып кеткенін байқамай қалған үрленген бір мүйіздіні де тарту еттік.
Криттен кемемен бір-екі сағат жерде Грекияның нағыз «инстраграмдық» аралы - Фира (италиялық Санторини атауымен аса танымал) орналасқан. Бұл - шатыры көк те дөңгелек келген аппақ үйлері бар шағын жанартаулы арал.
Дизайнерлер «грекиялық өнім» - неше түрлі йогурт пен ірімшік қорабында осы ақ-көк үйлерді қолданғанды ұнатады. Атлантида суға кеткені туралы аңыз осы жерден бастау алады деп есептеледі. Аралда жанартау болғандықтан, Санторини жағажайындағы қара құм соның салдары.
Күннің ғажап батысын тамашалау үшін, біз Фираға бір түнге келдік. Және оған тәнті болдық.
Айтарлықтай таулы арал, сол себепті көп жаяу жүруге тура келеді. Кезінде бұл жерде тасымал құралы ретінде есекті қолданған, дегенмен қазір де қаласаң, мінуге болады.
Жергілікті халықтың жылы шырай мен мейірімдік танытқаны отбасымызды қатты тәнті етті. Айталық, Ханьеде түскі ас ішетін шағын мейрамхана иесі балаларға ылғи тегін балмұздақ тарататын. Бір күні тіпті экзотикалық түрімен - ешкі сүтінен жасалғанын берді.
Менің ойымша, грек асы дүние жүзіндегі ең дәмдінің бірі. Санториниде қуырылған сегізаяқ - керемет еді. Жалпы балғын балық, теңіз өнімі, жеміс, ірімшік, зәйтүн - бәрі жеп көруге тұрарлық. Бір айтарым, табиғи грек йогурты біздің супермаркеттен «грекиялық» деп алып жүргенімізге қарағанда өте қою екен.
Өкінішке орай, ол жердің барлық қызығын бір барғанда тамашалап үлгермейсің. Мысалы, Самаррий шатқалы - Еуропадағы ірісі, және айту бойынша, ең әдемілердің бірі; Спиналонга аралындағы қамал мен басқа да көптеген көрнекті жерлер бар.
Кез келген демалыс сияқты каникулымыз да қысқа. Дегенмен еуропалық өркениеттің бесігі - шуақты көне Крит, оның керемет жағажайы, дәмді асы, құшағы кең тұрғындары - бүкіл отбасымыз жайлы демалатын жерден естелік жүрегімізде мәңгі қалады.