Брондау және басқару
Ақпарат
Nomad Club
Көмек

Kazakhstan Flag
KZ
KAZ

Белгісіз Франкфурт

АА
Айжан Ашимбаева

Mon, 05 Jun 2023
Майндағы Франкфурт көпшілік үшін транзит аймағы, өтпелі пункт, ұзақ жолдағы А мен Б пунктінің аралығы, жалпы Еуропадағы ең үлкен әуежай. Франкфурт осы уақытқа дейін өзіме де құпия-қала болып келді. Атауынан бар білерім - ол Майн өзенінің жағасында орналасқан.

Бірақ ақырында мен бұл қарқынды, іскер, алайда бір жағы тыныш, мәдениетті, әралуан, жарқын да мейірімді қаланы танып біле бастадым.

Еуропаның қаржы орталығы, құрама қаңқалы ғажап үйлер, соборлар, кеңес үйі және қалалық мұнаралар сыйған шаһар. Әртүрлі мұражайға толы Мұражайлы жағалау, сурет галереясы мен театрлар, «MesseFrankfurt» ірі халықаралық көрме кешені де мұражай сүйгіш қауымның жанына дауа һәм қуаныш сыйлар. Қаланың абыр-сабырынан демалып, жайқалған табиғаттың әсемдігінен ләззат алуға болатын тамаша Пальменгартен - Ботаникалық бағы (Нью-Йорктің Орталық паркі іспетті, бірақ шағын) да бар. Егер бірнеше сағат рейс күтетін уақыт болса, өмірі қайнаған, озық, Еуропада ғана емес, жалпы континентте тамаша бизнес орталығы бар қалаға бір сәтке сүңгіп шығыңыз. Қаламен танысуды белсенді, көркем және жайлы орталықтан бастаңыз. S8 бен S9 торабына электричкаға отырып, Hauptwache стансасында шығыңыз, сол жерде аттас Hauptwache/Гауптвахте алаңына тап боласыз. Алаңда тамашалайтын қызық мол: онда 1903 жылғы әсем кафесі бар бұрынғы гауптвахте (бас қарауыл) ғимараты да, қоңыраулы Әулие Екатерина шіркеуі де, бірегей субұрқақ та келіскен.

Қаланың бетке ұстары - Römerberg/Рёмерберг алаңы мен Алманияның ескі Römer/Рёмер кеңес үйі Гауптвахтеге тиіп тұр. Алаңға келген бойда пірәндік сияқты әлгі құрама қаңқалы үйлер, кеңес үйі, кафедралық собор, Әулие Павл шіркеуі мен Әділеттік субұрқағы - бәрі бір жерде және көзге ерекше сүйкімді көрініп, тіріліп кеткендей ертегіге тап боласыз.

Алаң символы бар естелікті сол жердегі кәдесый дүңгіршегінен ала аласыз.

Желтоқсанда алаңда рождество жәрмеңкесі өткенде Рёмерберг ерекше жарқырайды. Қатарды аралай жүріп жергілікті деликатесті, тәттіден татып көріп, ыстық глинтвейнге не сидрмен жылынуға болады. Өмірімдегі ең дәмді хот догты осы жерде, жәрмеңкеде жедім. Желтоқсандағы аязды, қарды, кеш пен аңқыған иісі алаңға жайылған, грильде шыртылдаған тіл үйірер фермерлік сосисканы елестетіңізші. Мен тіпті ол ғажап сосиски халал ма деп те сұрамадым, себебі санаулы секундта жеп алдым да екіншісіне қол жүгірттім. Әйтсе де, рождествоның дәмінен ауыз тиейін десеңіз, халалы да бар екеніне сенімдімін. Бастысы, тәбет тартатын хот дог ауызға түспей тұрып, сұрап алған жөн. Тарихи орталықтан бір-екі кварталда Гётенің мұражай үйі, жанында ақын заманындағы шеберлер туындысы қойылған Гётенің сурет галереясы бар. Франкфурт мұражайға бай, қалада оның саны 40 жуық. Және соның 16-сы тұрған Майн жағалауы Мұражайлы деп те бекер аталмайды. Мұндағы мұражайлар алуан түрлі, әркім өз талғамына сай керегін тауып, әсемдікті сүйер қауым әрқайсынан ләззат ала алады. Егер уақытыңыз болса, өзіңізге мәдени азық берер неміс сәулетінің мұражайы мен қолданбалы өнер мұражайынан бастап, неміс кинематографиясының променад мұражайы мен Штедель сурет галереясына дейін асықпай серуендеуге ерік беріңіз. Және Hauptwache алаңынан көптеген сауда үйі, кафе, мейрамхана және тіпті қауызы бар фитнес клуб орналасқан Zeil/Цайль сауда көшесі басталады.

Цайльдің басты көрнектісі MyZeil сауда орталығының ғимараты деп есептеймін. Сәулеті асқан заманауи, ерекше келіскен әрі көздің жауын алатын бұл ғимараттың жанынан өтіп кетпейтініңізге сенімдімін.

Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, оны тек келіп көру керек және белгілі италиялық сәулетші Максимилиано Фукастың ойластырғанына таңдай қағып, қайран қалу үшін, ішін көрген дұрыс. Бұл бір жауһардай заманауи өнердің бір бөлігі, оны көрген соң ұмыту мүмкін емес. Бүкіл ғимараттың әр қабатымен өтетін толығымен шыныдан құралған иірімді елестетіңізші. Оның үстіне кешен ішінде бірде-бір тік бұрыш жоқ, және арнайы шыны панельден құрастырғандықтан, өте жарық әрі жайлы.

Молл ішінде дүкен, кафе, мейрамхана мен балалар алаңынан бөлек, Франкфурттың ғажап орталығын тамашалағанға террасалар мен көрініс алаңдары бар. Әсіресе күн қайтқанда және түнгі уақытта ол жер керемет: қала жарқырап, естен кетпес әсер қалдырады. Жексенбіде азық-түлік дүкенін қоса, барлық орын жабық болатынын ескеріңіз. Алайда дүкендер істемесе де, MyZeil-дің ауыз үйіне көтеріліп, қаланы қалағаныңша тамашалауға болады.

Цайльге қай мезгілде барсам да, үнемі қайнап жатады: қыста рождество жәрмеңкесімен һәм Рождествоға орай жарқыратып безендірген сөресімен танымал, көктем мен күзде онда шағын концерттер мен түрлі музыканттар мен көше актёрларынан аттракцион өтеді. Бірде тамызда шарап пен сидр фестивалінің үстінен түстім. Бұл менің қаладағы ең ғажап әрі көңілді кешім болды: жас шарап суша ағылды, кафелер мен мейрамханалар ауыз тиюге үздік сетін қойды, сәнді дүкендер жаңа топтамасын сол жерде фэшн көрсетілімде паш етті, ауада махаббат пен қуаныш қалықтап тұрды. Сол күні түнгі рейспен қайтуым керек, қонақ үйде жиналмаған шабадан және сатып алған көптеген сыйлық жатыр, оны жүкке сыйғызу қажет және артық салмақ болмаса, игі. Мерекелетіп жүргенде бойдағы шарап пен тағы бір-екі күнге қалса ғой деген ниет араласа бұрқырады, мен әлі татып үлгермеген шарап түрі қаншама! Жаяу жүргенді жақсы көретіндіктен, маған екі-үш квартал жүру түк емес, оның үстіне еуропалық қалада әсіресе осындай серуеннен ләззат аласың.

Содан, әлгі бастапқы бағытымыздағы Hauptwache нүктесінен 10-15 минут жүрсең, банктардың кәсіби бизнес кварталы тұр. Иә, иә, дәл сол әлемге әйгілі барлық еуропалық және халықаралық банктардың, компаниялар мен конгломераттардың бас кеңсесі орналасқан. Еуропалық валюта евроның € символы дәл сол жерде.

Түскі үзілісте кварталдағы бас көше бір-екі сағатқа жабылады да, кілең ақ жағалылардың кафесіне айналады. Тура сол жерде кез келген талғамға табылар түрлі тамақтан ішуге болады, бірақ жүріп ішу керек. Неге десеңіз, отыру мен тапсырысқа уақыт аз. Бұл қаламен жедел танысып кететіндерге жақсы. Айтпақшы, кафе және мейрамхана демекші, Франкфурт интернационал қала, мұнда неміс асымен қатар түрік, өзбек, кәріс, қытай, вьетнам және жапон тамағын табуға болады. Бұл менің көріп, жегенім. Соның ішінде түріктер мен өзбектер жақсы-ақ! Шынымды айтсам, ұмытылмас хот догтан басқа жергілікті тағамнан ешнәрсе татып көрмедім. Сондықтан айтарым жоқ. Маған қарағанда Google мен Tripadvisor әлдеқайда көп ұсынар. Қайда жүрсем де, өзіммен қазы алып жүретін мен)

Пальменгартен мен Ботаникалық бақты ерекше жақсы көремін. Бұл Франкфурттегі көлшігі, бақшасы, раушаны, тропикариумы, бамбугті тоғайы, жабық павильонында жылыжай, пальмасы, қырыққұлағы, лиандар мен тропик және субтропикте өсетін неше түрлі өсімдік жайқалған оранжерея, тіпті субантарктикалық үй мен кактустар мен суккулент бағы бар өте жайлы бұрыш.

Барлық көрнекті жерді аралап, неше шақырымды артта тастаған соң, осы керемет жасыл оазисте оңаша қалып, экзотикалық флораның қазынасына сүйсініп, экзотикалық өсімдік һәм гүлдің хош иісі мен әсемдігінен ләззат алғанға не жетсін.

Жылы кезде бақ аймағында Париждегі Тюильри бағындағыға ұқсас орындық, отырып та, жатып та демалатын жер көп. Бір күні жазда осындай жерде ұйықтап кетіппін, оның ыңғайлығы сонша, күтпеген жерде нөсер құйғанда бірақ ояндым! Оранжереяға жеткенше, қатты жауыннан әбден су болдым. Сол жерде жол-жөнекей жаңбырмен түскен тәтті алмадан ала кеткенмін. Нөсер тоқтағанын күткенше, тәбеттене жеп алдым. Айтпақшы, алмалар дүкеннен сатып алғанмен салыстырғанда, тәтті әрі шырынды екен. Қызық оқиға емей немене? Пальменгартен кез келген мезгілде тамаша: - оранжерея мен жылыжайдағы тропика мен субтропиканы бір климаттан екіншісіне өткен қыста да тамашалауға болады; - таза ауада көлшіктері мен сарқырамасына айналаның бәрі гүлдеп тұрған жазда да сүйсінуге болады; - және түстер қанық, көздің жауын алатын кезде - ағаштар ашық қызыл сарымен, жасылмен араласқан және сол жердегі ерекше әдемі пиондар мен өзге бейтаныс гүлдің түрлі бұтасы гүлдеген күзде де; - аспан сакурамен, магнолия және алма ағашынан нәзік қызғылт түске оранып, көптеген бұтақ пен ағаш бүр жарған көктемде де ерекше әдемі. Сірә, жұмақ осындай болатын шығар. Сонымен, Сізде әуежайға қайтар уақыт қана қалды. Қаланың қай ауданында болсаңыз да, қайту қиынға соқпайды, метро картасы түсінікті, бағыт аса көп емес, барлық электричка, пойыз бен автобус қатаң кестемен жүреді. Егер қаламен танысқан шағын экскурс көп уақытты алып қойса не асығыс болсаңыз, такси жалдауға болады.

Келесі сапарыңызға Франкфуртты міндетті түрде қосыңыз. Маған сенсеңіз, бұл мегаполисте бір сәтке де өкінбейсіз, неге десеңіз, аяғыңыздың ізі қалмаған қанша көше мен көрмеген қызық жер қалды!

АА
Айжан Ашимбаева
*Автордың пікірі субъективті және авиакомпанияның ұстанымын көрсетпеуі мүмкін.