Дубайға саяхатым
«Біз онда не көрмедік», әлде «бұрын онда ешқашан болмағанбыз»? Қалай болса да, Іңкәр Маликтің жазбалары мазмұнды болады.
ІМ
Іңкәр Мәлік
Mon, 05 Jun 2023
Дубайдың көптеген туристік бағыттары мен танымал жерлері отандастарымызға жақсы таныс. Сондықтан бізге Дубайдағы қонақ үйден тыс жердегі өмірі қандай екенін білу өте қызықты болды. Сол себепті, біз бір саяхатта «жергілікті» болып көруді шештік. Бақытымызға орай, елге кірерде берілген 30 күндік виза бұған жеткілікті.
Алғашқы күнге арналған бірінші жоспар – Парсы шығанағының күні мен суынан ләззат алу. Ол жердің өз қызығы бар.
Интернеттегі пікірлерден Кайт Бичтің сипаттамасы ұнап, сол жерге бардық. Ол әйгілі Джумейра жағажайларына жақын орналасқан. Бұл жеке спорттық демалыс үшін де, отбасылар үшін де тамаша орын.
Жағажайда балаларға арналған қызықты аттракциондардың көптігін бұрын соңды кездестірмедім. Батуттардан үлкен үрлемелі бассейндегі кедергілер сайысына дейін осында. Таза құмды жағажай мен жағымды теңіз суы балалармен келген бізге өте қолайлы болды. Аспанда қалықтаған желкендер мен серфингшілердің жарқыраған тақтайшалары көрініске көрініс қосады. Дәл жағажайда кайтсерфинг мектебі бар, онда бірнеше сағатқа жеке тренерды жалдай аласыз. Жабдықтар да сабақтың бағасына кіреді. Бұл жерде жалқау демалысқа да орындар жеткілікті. Жағажайда ет жейтіндерге де, вегетарианшыларға да арналған түрлі кафелер бар. Сонымен қатар, алкогольдік сусындарды қоспағанда, өзіңізбен бірге тамақ әкелуге рұқсат етіледі. Жағажайда жабық душ бар, шезлонгтар мен қолшатырларды тапсырыс бойынша жалға алуға болады.
Дубай алтыннан асшаянға дейін сататын базарымен әйгілі. Жаңа теңіз өнімдерінің дәмін қалай татпауға болады? Ең үлкен және ең танымал базар – Deira Waterfront.
Нарықтағы таңғажайып таңдау теңіз өнімдерін ұнататындар үшін жұмақ дерсің: омар, шаяндар, ұлулар, асшаяндар, кальмар мен басқа да көптеген балықтар. Тұзды су мен жаңа теңіз өнімдерінің иісі тітіркендірмейді, керісінше, дәмді нәрсе сатып алуға деген құштарлығыңызды арттырады. Таңертең базарға қымбат мейрамханалардың аспаздары, дүкеншілер мен жергілікті тұрғындар келеді.
Сатып алған теңіз өнімдерін кез-келген жергілікті дәмханаларға апарсаңыз, талғамыңызға сәйкес дайындап береді. Сол дәмнен алған рахатты сипаттау мүмкін емес. Бұл Дубайдың ескі ауданы болғандықтан, туристік аймақтардан алыс. Дейрадағы базардан басқа Умм Сукейм 1 көшесінде орналасқан, Сук Аль Бахар деп аталатын базар бар. Балық аулайтын қайықтардан жаңа жеткізілім үшін базарға таңертең немесе кешкі 19-дан кейін барған дұрыс.
Базарға баруды ұнатпайтындар үшін Al Bahar базарының жанында Seaview мейрамханасы бар. Мейрамханада балықтың барлық ассортиментін тікелей теңізден әкелетін балықшылардың жеке тобы бар.
Жергілікті талғампаздықты дәстүрлі араб ағаштан жасалған шатырлы қайыққа (abra) мінсеңіз сезіне аласыз. Абра – жолаушылар көлігінің көне түрінің бірі, бірақ қазір ол негізінен туристерге қолданылады.
Біз Dubai Creek-тегі бекетті таңдадық. Бұл бекетте жергілікті тұрғындар абраны әлі де көлік ретінде пайдаланады екен. Aбрамен серуеннің арқасында біз Dubai Creek-тің сұлулығынан толық ләззат алдық. Күннің батуы ерекше әдемі Дубайдың әр бұрышы романтикалық көңіл-күй сыйлай алатындай әдемі және тыныш.
Абрамен серуендей жүріп, міндетті түрде сауда жасаған жөн. Dubai Mall сияқты үлкен жергілікті сауда орталықтарын мұнда болғандардың бәрі білер, ал бізді Festival city көбірек қызықтырды.
Dubai Creek пен Festival city арасы бар-жоғы 10 минут. Мұнда сауда еркін көрінді, ғимараттың өзі кең жағалауда орналасқан және келушілерді күнделікті субұрқақ шоуымен қызықтырады. Өрт элементтері бар субұрқағының керемет билері, тіпті күн батқаннан кейін ұмытылмас әсер сыйлайды.
Сауда орталығынан шығанаққа шығар алдында «Робот кафесі» бар, оны айналып өту мүмкін емес. Дисплей экранындағы 21 ғасырдың ас мәзірі аздап басыңызды қатырар, бірақ тапсырыс бере алсаңыз, роботтардың шоуын тамашалайсыз. Қалаған тамағыңыз бен сусыныңызды әзірлеген робот-бармендер әдемі араб әуендеріне билеуге үлгереді. Ерекше көрініс!
Біздің отбасы City walk променадының маңындағы The Green Planet-ке де ғашық. Бұл ортасында көптеген ұялар мен жануарларға арналған эко-үйлер тізілген үлкен ағаш діңі бар, айналасына аспалы көпірлер салынған 4 қабатты кешен.
Елестетіп көріңізші, сізді лифтпен күмбезге дейін көтеріп, артынша ағаштың айналасындағы спиральмен түсіреді, осы уақыт ішінде таңғажайып құстар маңыңыздан өтіп жатады. Ол ғана емес, лемурлар тез жүгіріп, бұтақтарда жалқаулар ұйықтап жатады. Бір шетте өзге де жануарлар күн сәулесінің астында еміреніп жатады. Бір қызығы осы кезде сіз оларды емес, олар сізді бақылап жатқандай көрінеді. Ауасы таза және ылғалды. Жануарларды тамақтандыруға, сондай-ақ, Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін тропикалық өсімдіктерді ұстауға қатаң тыйым салынады. Тропикалық жәндіктер мен қауіпті рептилиялар қашықтықта орналасқан, оларға тек кешен қызметкерінің бақылауымен қол тигізуге болады. Мұндай экзотика ешкімді бей-жай қалдырмайды. Амазонканың тропикалық ормандарында жүргендей сезімде боласыз.
Үздіксіз айта беруге болатын өзге де көптеген жерлер бар: керемет галереялар, мұражайлар, этникалық outlet ауылы. Дубайда әлемнің түкпір-түкпірінен шоулар өтеді. Операға немесе аты аңызға айналған La Perla спектакльдеріне барып, аквапарктың түрлі слайдтарында өзіңізді сынап көріп, жабық шаңғы трассасында сергіп, шығанақ астындағы аспан Sky in Dubai-да тамақтана аласыз.
Елге оралмас бұрын жақындарыңызбен жарқын естеліктермен бөлісіп, ұзақ уақыт бойы сапардың дәмін сақтау үшін жаңа піскен құрма, пісте халвасы мен дәмді хумус сатып алыңыз.