Бангкокқа саяхатым
Бұл дүрбелеңмен басталып, балалық ләззатпен жалғасқан жол. Бангкок туралы хикая Тоғжан Ибрагимованың өзіне жат деген экзотикалық Азияға қалай ғашық болғанын баяндайды.
ТИ
Тоғжан Ибрагимова
Thu, 22 Jun 2023
Атмосфералық, таңғажайып, сергек, экзотикалық, өзгергіш.
Өз басым Оңтүстік-Шығыс Азияға барудан ұзақ уақыт қашқақтап жүрдім. Болмысыма жақын әрі түсінікті болған соң, көбіне Еуропа елдері мен олардың мәдениетіне қызығушы ем. Экзотикалық Азияны өзіме жат деп білдім.
Тағдырдың қалауымен алғаш рет Бангкокта жұмыс бабымен тап болдым. Бұл іссапар жайлы естіген жақындарым таңданысын жасырмады. Ал мен үрейлі ем: дәл бір қорқынышты түске еніп бара жатқандай көріндім. Теңіз жәндіктерін де, өзге де белгісіз жорғалаушыларды суқаным сүймеген соң, ең үлкен қорқынышым оларды жей алмай аштан өлу немесе сол жәндіктерге өзім жем болу еді. Шыжып тұрған күннен балқып кету тағы бар дегендей... Үрейім қандай деңгейде болғанын содан-ақ біле беріңіз. Бірақ жұмыстың аты жұмыс, істеу керек. Санам сан-саққа жүгірді. Бір жағынан достарым мен әріптестерімнің таңырқаған үні, екінші жағынан қорқыныш пен үрейге толы өз ішкі дауысым.
Барлығы тез дамыды. Дайындалуға көп уақытым болмады. Жұмбақ елдің мәдениетін де зерттеп үлгергем жоқ. Тайландта болған дос та табылмай қалды, ол туралы влогтар мен фильмдерді де ашпадым. Детектив жанрындағы сүйікті авторым Ю Несбоның кітабындағы стереотипті ой мен сюжеті көкейіме берік орнығып алды. Скандинавиялық детектив басқалардан шытырман желісі мен моральдың ауырлығымен ерекшеленеді. «Тарақандар» кітабының сюжеті бойынша жас детектив жұмбақ жағдайда қайтыс болған Норвегияның елшінің өлімін зерттеу үшін Норвегияның суық және минималистік астанасы Ослодан ыстық та, экзотикалық Бангкокке (дәл мендей) іс-сапармен аттанады. Оқиғаны толығымен айтып бермеймін, тек бұл 90-шы жылдары болғанын айта кетейін. Ол кезде Бангкокта қазіргі Суварнабхуми халықаралық әуежайы жоқ, тек Дон Муанг бар. Қазір ол негізінен аймақтық арзан баға әуе компанияларының рейстерін орындайтын шағын порт.
Шығарма желісі бойынша Бангкок ысталған апиын шегушілерге арналған кабаққа ұқсап, басты кейіпкеріміз ыстық ылғал орамал оранғандай күйде қапырық та, лас мекемелерді кезіп жүріп мәселені шешуге тырысады. Сол жолда оған болмысы жаман жандар да жолығады. Қала қапырып, қараңғы, күңгірт және қауіпті. Жанр түстердің қоюланып, атмосфераны қыса түсіп, қорқыныш пен құпияны арттырады. Бангкокқа еш үмітсіз ұшып келдім.
Бірақ әуежайға кірген бойда алаңдаушылық жоғалып кетті. Өзімнің үлкен, таза, төрт деңгейлі, анық навигация жүйесі бар әуежайда тұрғанымды көрдім. Мұнда әр деңгейдің өз мақсаты бар екен.
Қонақ үйге бара жатып, өзімді шетелге алғаш шыққан баладай сезіндім. Бұрын Қара теңіз бен Жерорта теңізінде болдым. Сол себепті, курорттық орындармен таныспын деуші ем. Бірақ Тай пейзажы мұншалықты жасыл және экзотикалық боларын елестете алмаппын!
Жасыл желекке көз тоймады. Пальмалардың түрлі формалары, таңқаларлық гүлдер мен басқа да өсімдіктер.
Қонақ үйдің қабылдау бөлімінде істейтін қонақжай қызметкерлердің сырт келбеті таңдандырды. Олар бізді ұлттық киім мен шаштарына түрлі гүл тағып қарсы алды. Қонақ үйдің өзі алтын жалатылғандай және күрделі ою-өрнектермен көмкеріліп, нағыз тай стилінде салынған екен. Лифт, мейрамхана, тіпті ғимарат шатырындағы бары бар бассейн тәрізді қажеттінің бәрі болды. Мен күткен басқа, алғашқы алған әсерім мүлдем басқа боп шықты! Орналасқаннан кейін жаңа тосынсый мен жаңалықтар үшін тезірек қалаға бойлағым келді.
Бангкок өзінің жарқын түстері, ауқымы, дамыған инфрақұрылымы мен түрлі стилдегі аудандарымен таң қалдырды. Әрине, бұл сапарға бөлінген уақыт аз болды. Сол себепті бәрін көруге уақыт жетпеді. Бірақ болашақ демалысымды осы елде өткізіп, жақынырақ таныссам екен деген арман пайда болды.
Сол жоспарым жүзеге асты! Бір жылдан кейін демалу үшін Тайландтқа отбасыммен бірге оралдым. Біз орналасқан көше өте колоритті екен. Күндізгі уақытта ол сабырлы да, салмақты көрінді, таңертең мұнда баяу ғибадатханаларына бет алған қызғылт сары киімді буддист монахтарын кездестіре аласыз, ал кеш түсісімен маңдайшамның бәрі жарқырап, көше тамақ сатушылары тұс-тұстан тай тілінде шүлдірлеп, тамақ қуырылып, жемістерден шырындар мен смузилер сығылып, өмір қыз-қыз қайнап кетеді. Ммм!
Ауқымды қаланың көлік желісі, бақытымызға орай, өте дамыған болып шықты. Мұнда метро және SkyTrain пойыздары жүріп тұрады (солардың бірімен әуежайдан тікелей қала орталығы Phaya Thai станциясына дейін жетіп алуға болады). Қалтаңызға қарай автобустың бірнеше түрі бар: қымбаттауы жаңарақ және кондиционермен жабдықталған. Соған ұқсас, бірақ кондиционері жоғы сәл арзанырақ. Ал ең тиімдісі әйнексіз ағаш терезе жақтаулары бар ескі автобустар.
Тайдың ерекше атмосферасын сезіну үшін жергілікті классикаға айналған тук-тукке мініп, самал желмен серуендеуге кеңес беремін. Жолаушыларға арналған ашық кабинасы бар кішкентай мопедпен серуендеу де жағымды эмоция сыйлайды. Мұны ескі қалада, керемет атмосфера билейтін сарайлар, мұражайлар мен храмдар арасында жасаған дұрыс. Жолдар кең, бульварлар жасыл, шу да аз.
Белгілі ғибадатханалар мен Патша сарайы Чао-Фрая өзенінің екі жағында орналасқан, оның бойымен қоғамдық көліктің тағы бір түрі - өзен қайығы жүреді. Оған билетті дәл пирстен сатып алуға болады. Мұндай қайықпен әсіресе кешке саяхаттаған жөн. Суда көрінетін будданың алтын мүсіні батқан күннің отымен шағылысып, көкжиек жанып жатқандай әсер қалдырады. Ғибадатханалар аумағында көптеген мысықтар өмір сүреді, бұл жануар сүйетінтерді қуантпай қоймас. Мұнда олар дәл Стамбұлдағыдай жергілікті символ саналады.
Биіктігі 46 метр болатын, нирвана күтіп жатқан әйгілі алтын Будда тұратын Ват Фоға ғибадатханысына міндетті түрде барыңыз. Сол жерден бір уыс тиын сатып алып, оларды арнайы ыдыстарға тастап, тілек тілей аласыз.
Аттап кетуге болмайтын тағы бір ғибадатхана - Ват Арун, Таң ғибадатханасы. Басқа ғаламнан келгендей әдемі. Оның ғажайып сұлбасы Бангкок ашық хаттарында жиі кездеседі. Ғибадатхана португалдықтардың батып кеткен кемесінен табылған қытай фарфорының сынықтарымен көмкерілген. Егер тарихты білмесеңіз, онда бұны болжау қиын, өйткені олар фарфор емес, шілтер сияқты көрінеді.
Айтпақшы, климаты Алматыға қарағанда жұмсақтау екен. Сол себепті жақсырақ көтердік. Ауада ылғал бар, температура орташа. Әйтсе де шаңқай түсте қыдырмай, күшті кешкі салқынға қалдырған жөн.
Түнгі және кешкі Бангкоктің өзіндік атмосферасы бар. Қала ұйықтаудың орнына одан бетер жандана түседі. Мұндай жерлерде өмірдің қайнап жатқанын сезіп, бәріміздің ғарыштың шаңы ғана екенімізді түсінесің. Сол сезім таң қалдырады!
Егер Бангкоктің жарқыраған шамдарынан жалықсаңыз, біз сияқты Тайланд Королінің жазғы резиденциясы орналасқан тыныш Хуа Хин курортына баруға болады.
Ол бар жоғы қарбаластан 2 сағаттық жолда орналасқан. Сыртқы аралдарға баратын жолға қосымша уақыт пен ақша жұмсамай, бірнеше күнді теңізде өткізуге арналған тамаша орын. Біз оған әуежайдан тікелей жүретін арнайы жайлы автобуспен жеттік.
Ол жер белгілі Паттайяға қарама-қарсы жағалауда орналасып қана қоймай, рухымен де қарама-қайшы. Экзотикалық түнгі клубтарды таба алмайсыз. Оның орнына таза шығанақ пен бойындағы шаяндар мен ақ құм, тыныштық пен жүйелілік күтеді. Өмірімдегі ең дәмді ананасты сол жерден жедім. Сондай-ақ кокос пен мангоны тікелей жағажайда сатып алуға болады.
Хуа Хинге демалыс күндеріне дәлдеп баруға кеңес беремін. Жұманың кешінен дүйсенбіге дейін курортта Cicada және Tamarind көше тағамдар жәрмеңкелері ашылады. Сол жерден арзан әрі өте дәмді тамақ жей аласыз, сонымен музыканттардың жанды дауыстағы әндерін тыңдай аласыз. Кәдесыйлар, жергілікті шеберлердің дизайнерлік киімдерін сатып алып, суретшілердің суреттері мен қолөнер бұйымдарын тамашалай аласыз. Отбасылық демалысқа таптырмас орын!
Тайлықтар өте сыпайы және сабырлы адамдар, бірақ сонымен қатар, көше сатушысы, автобустағы кондуктор немесе қарапайым балықшы болсын, мейлі, өздерін лайықты ұстайды. Оларда ежелгі өркениеттің, буддистік тәрбиенің рухы барын сезуге болады. Мұнда өзінің кармасын бұзғысы келетіндер аз. Көпшілігі ауыр жұмыспен айналысып, қарапайым өмір сүреді, бірақ ешкім адами болмысын ұмытпай, өмірді сол күйінде қабылдап, басқаларға зиян келтірмеуге тырысады. Бұл саяхат мені мәдени тұрғыдан байытып қана қоймай, ақымақ стереотиптерден босатты.
Бангкок - бұл 80-ші жылдардағы «Blade Runner» сияқты футуристік фильм атмосферасы бар болашақ қаласы. Бангкок - қатал дәстүрлер мен батыл заманауи, ержүрек жастар мен діни аскетиктер, офистік зәулім ғимараттар мен ежелгі ғибадатханалар, өзгермелі базарлар мен сәнді қонақ үйлердің жарқын миксі. Мұндағылардың бәрі өз талғамы мен бюджетіне қарай тыныштық таба алады. Әр жолы ол жаңа сырын ашып, саяхатшыға жаңа қырынан танылады. Қаланың энергетикасы тірі, сан-қилы және ерекше. Тайланд ешқашан артық болмайды! Келесі сапарымды асыға күтемін.